Мамандық туралы
Оларды әдетте «Авиадиспетчерлер», «Әуе қозғалысын басқару мамандары» деп атайды, ал олар өздерін әуе қозғалысын басқару (ӘҚБ) диспетчерлері немесе жай ғана диспетчер деп атайды.
Әуе қозғалысын басқару диспетчері дегеніміз кім?
Әуе қозғалысын басқару диспетчерлері – әуе кемелерінің соқтығысуының алдын алу, ал ұшу кезінде орын алатын ерекше жағдайларда әуе кемесінің экипажына қажетті көмек көрсету үшін олардың жерде және әуеде қауіпсіз, ретке келтірілген үнемді қозғалысын бақылайтын және қамтамасыз ететін мамандар. Әуе қозғалысын бақылау ұшу әуеайлағынан ұшып шығу алдында қозғалтқыш іске қосылған сәттен бастап, ұшып келу әуеайлағына қонғаннан кейін тұраққа рулдеуді аяқтап қозғалтқышты өшірген сәтке дейін жүзеге асырылды. Әуе қозғалысын басқару диспетчері әуеайлақта белгіленген маршрут бойынша және бұдан әрі сектор деп аталатын әуе кеңістігі бөлігіндегі өз жауапкершілігі аймағы бойынша ұшақтарды «өткізуді» жүзеге асырады, содан кейін әуе қозғалысын басқару эстафетасын басқа аймақтың диспетчерлеріне береді. Авиадиспетчер өз функциясын сәтті орындау үшін ұшуды орындау және әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық құжаттар, әуе кемелерінің, әуе навигациясының ұшу-техникалық сипаттамалары, авиациялық метеорология, ағылшын тілі, ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және т.б. бойынша білімін қолданады.
Әуе қозғалысын басқару диспетчері болу үшін не керек?
Егер Сіз әуе қозғалысын басқаратын диспетчер болғыңыз келсе міндетті түрде Сіздің төмендегідей қырларыңыз бен қабілетіңіз болуға тиіс:
- Әуе кеңістігіндегі объектіні жақсы елестете алу және хабардар болу;
- Кеңінен ойлау және кеңістікте әуе кемелерінің қозғалысын елестете білу;
- Ағылшын тілін жетік білу;
- Қажетті цифрлардың саны мен сөздерді есте сақтау;
- Стрестік жағдайларда сабырлық сақтау және өзіне-өзі сенімді бола білу;
- Ұшу қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілікті сезіну;
- Жағдайды талдай білу және белгіленген ережелерді ұтымды пайдалану.
Сонымен қатар әуе қозғалысын басқару диспетчері үлкен көлемдегі хабарламалардан қажетті ақпаратты таңдау, сондай-ақ әуе кеңістігінде ұшақтардың орналасуын дұрыс елестетуге мүмкіндік беретін кеңінен ойлау қабілетіне ие болуға тиісжәне ұшу кезінде белгіленген уақыттан кейінгі олардың жағдайын болжай білуі қажет. Диспетчердің жұмысындағы ең басты фактор оның денсаулық жағдайы. Кәсіби қызметін атқару кезеңінде әуе қозғалысын басқару диспетчерінің денсаулығын авиациялық медицина саласындағы біліктілігі жоғары мамандар мұқият қадағалап отырады.Диспетчерлер үнемі медициналық комиссияны, сондай-ақ кезекшілікке кірісу алдында медициналық тексеруден өтіп отырады.
Әуе қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің мамандары өз мамандықтары туралы былай дейді:
ХХI ғасырдағы қажетті көптеген мамандықтардың ішінде авиадиспетчерлердің еңбегі, әуе кемелерінің ұшуын басқару ерекше орынға ие. Көптеген зерттеулер көрсеткендей қызметтің бұл түрі жоғары зияткерлікпен және эмоциялық бағыттылықпен ерекшеленетінін көрсетті.
Авиадиспетчер мамандығы авиация ұшулары сипатқа ие болғаннан бастап пайда болды, біріншіден ұшуды орындаудың, оларды радиотехникалық байланыс құралдарымен, навигациямен қамтамасыз етудің, бақылаудың айқын ережелерін белгілеу қажеттілігі туындады. Осылайша әуе қозғалысын басқарудың тұтас жүйесі пайда болды, бұл жүйеде диспетчер (әуе қозғалысын басқарушы) әуе кемелерінің қозғалысын тікелей басқаруды жүзеге асыратын негізгі буын болып табылады. Осы буынның сенімділік және тиімділік деңгейі ұшу қауіпсіздігі мен тұтастай әуе қозғалысын басқару жүйесінің өткізу қабілетіне байланысты.
Бүгінгі таңда егер бірнеше минутқа әуе қозғалысын басқару қызметі өз жұмысын тоқтатса әуеде не жағдай болатындығын көзге елестету қиын: биіктікке немесе төмендеуге бет алған қарсы немесе қиылысатын курстарда үлкен жылдамдықта ұшып бара жатқан жүздеген ұшақтар апатты жағдайда қалар еді, ал бұған күрделі метеожағдайларды, көрімділіктің толықтай жоғалуын қосыңыз.... Міне осындай серпінді жағдайды авиациялық диспетчер жақсы түсінуге, нақты және дұрыс бұйрық беруге тиіс.
Авиадиспетчер болу — оңай міндет емес. Ең ауыр, қауіпті және жауапты мамандықтардың бірі болып есептеледі: әуе қозғалысын басқару кезінде аздаған дәлсіздік пен баяулау көптеген адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Авиадиспетчер мамандығы адамның психофизиологиялық және моральдық қырларына жоғары талап қояды. Авиадиспетчерге табысты жұмыс істеу үшін мінсіз денсаулықтан басқа тиянақты зейін қоюшылық (зейінсіздік болмайды) қажет, сонымен қатар назарды басқа жаққа тез аудару аспектілері де маңызды. Авиадиспетчердің тез есте сақтау қабілеті, бастамашы және тәуелсіз болуға, әуе жағдайын болжай білуге тиіс. Оның кеңінен ойлау қабілеті болуы, әуе жағдайын тез анықтай алуы қажет. Авиадиспетчердің жақсы қойылған дикциясы болуға, дұрыс және мәнерлеп сөйлей білуге тиіс, өйткені сөзбен алмасу оның қызметінде үлкен орын алады. Осы кәсіпті меңгергісі келетіндер оқу орнына түсер алдында қатаң медициналық таңдаудан өтеді.
Авиадиспетчердің кәсіби қызметін атқару кезеңінде 2 жыл сайын азаматтық авиация пилоттарымен бірдей дәрежеде дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссиясынан өтеді. Авиадиспетчердің негізгі міндеті – бұл өз жауапкершілігі аймағында әуе жағдайын үздіксіз бақылау және әуе қозғалысын басқару.
Диспетчер бір уақытта бірнеше объектіні бақылайды және оларды басқарады, эфирге команда береді және бір уақытта аралас секторларда жұмыс істейтін өз әріптестерінің сөйлесулерін тыңдайды, радиолокатордың экранын бақылайды және графикада жазба жүргізеді. Авиадиспетчер осы міндеттерді табысты шешуі үшін оның жұмыс орны әуе жағдайын, метеожағдайды көрсететін мониторлармен, түрлі сигнал беретін таблолармен, анықтамалық ақпаратпен, байланыс құралдарымен және т.б. жабдықталуға тиіс.
Әуе қозғалысын басқару маманының жұмысы сан қырлы және қызықты. Жұмыс сенімділігі жоғары кәсіби деңгеймен және тапсырылған іске деген жауапкершілік сезімімен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта диспетчерлерге ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге Әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелері көмектеседі, олар әуе жағдайын нақты бақылауға, талдауға және жолдауға мүмкіндік береді, дұрыс сараптық шешім қабылдауға көмектеседі.
Қазіргі уақытта авиадиспетчерлер өз жұмысында негізгі технологиялық операцияларды автоматтандырумен және борттық және жерүсті жүйелерін біріктірумен спутникті технологияларды қолданады. Заманауи жағдайларға байланысты диспетчер сондай-ақ авиациялық ағылшын тілін жоғары деңгейде білуге тиіс.
Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер
Авиациялық диспетчердің мамандығы ауыр және өте жауапты, бірақ оның айтарлықтай тартымды жақтары бар. Бәрінен бұрын ол сұранысқа ие және кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан жастарда «әуе қозғалысын басқару диспетчері» мамандығы бойынша оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу проблемасы болмайды. Диспетчердің еңбегіне лайықты ақы төленеді және әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктердің толық пакетімен қорғалған.
Егер біздің ақпарат сіздің қызығушылығыңызды тудырса, «әуе қозғалысын басқару инженері» мамандығы бойынша авиациялық білім алу үшін азаматтық авиацияның оқу орнына оқуға түсуге шақырамыз.