Lufthansa флот пен қызметкерлерінің санын қысқартуды жалғастыра бермек
Салынған уақыты 09.10.2020 08:43
Deutsche Lufthansa AG қайта құрылымдауды жалғастыратынын мәлімдеді деп жазады Интерфакс. Бұған дейін авиакомпания ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында авиатасымалдардың өткен жылғы орташа деңгейінің жартысына жетуді көздеген болатын, бірақ қазір бұл жоспарлар шынайы жағдайға сай емес. Компания флотты, сондай-ақ жұмыс орындарын одан әрі қысқартуды жоспарлап отыр.
«Соңғы апталарда халықаралық әуе рейстерінің перспективалары айтарлықтай нашарлады», - делінген неміс әуе тасымалдаушысының хабарламасында. Lufthansa онжылдықтың ортасына қарай бұрын жоспарланған 100 ұшаққа қарсы 150 ұшақтан бас тартуға ниетті. Соның ішінде жеті Airbus А340-600 пайдаланудан түпкілікті шығарылады. Сондай-ақ, компания толық жұмыспен қамтылған 22 мың жұмыс орнын қысқарту жарияланғанға дейін штатты неғұрлым ауқымды азайтуды жүргізуге ниетті.
Авиатасымалдаушы 2021 жылдың бірінші тоқсанында топтағы басқарушылық позициялардағы қызметкерлер саны 20%, ал Германиядағы әкімшілік кеңсе алаңдары 30% қысқаратынын атап өтті.
Жолаушылар тасымалы саласындағы Lufthansa тобына Austrian Airlines, Swiss Airlines, Eurowings және Brussels Airlines кіреді. Топ 2019 жылы рекордтық жолаушылар санын - шамамен 145,2 миллион адамды тасымалдады. Рейстердің жүктемесі 82,5% құрады. Флотта 760-тан астам ұшақ бар. Жолаушылар және жүк авиатасымалдаушылардан басқа топқа логистикалық, техникалық және қызмет көрсететін компаниялар кіреді. Өткен жылдың соңында штатта 138 мыңнан астам адам болды.
2737