Қазақстандық авиакомпания Ливияға қару тасымалдады деген күдікке ілінді
Салынған уақыты 25.09.2020 08:42
Қазақстандық Sigma Airlines авиакомпаниясы Ливияға қару тасымалдады деп айыпталды, Еуропалық Одақ оның иесіне қарсы санкциялар дайындауда, деп хабарлайды NUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Телеарна тілшілері компания әкімшілігінен түсініктеме алуға тырысты, бірақ олар кеңседе журналистермен сөйлесуден бас тартты. ААК осы пайдаланушылардың әуе кемелерінің меншік иелері БАӘ-де, Британ Виргин аралдарында тіркелген шетелдік компаниялар болып табылатынын хабарлады. Авиатасымалдаушының ұшақтары Таяу Шығыста шетелдік тапсырыс берушілердің мүдделері үшін пайдаланылғаны атап өтілді. Негізгі базасы - Біріккен Араб Әмірліктері, деп қосты Азаматтық авиация комитеті. Телеарнаның хабарлауынша, авиатасымалдаушы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәлімдемесінен кейін назарға іліккен.
Ұйымның мәліметінше, БҰҰ тыйым салғанына қарамастан, қазақстандық бизнесмендер Ливияға қару жеткізген. Еуропалық Одақ қазірдің өзінде 17 бұзушыға санкциялар енгізіп, 19 жеке компанияға Еуропалық Одақ аймағына кіруге тыйым салды, бұл компаниялардың активтері тоқтатылды.
Арна тілшілерінің мәліметінше, Sigma Airlines ұшағының борттарында Қазақстанның туы бейнеленген. Бұл кадрларды шетелдік дереккөздерден табуға болады. Қазір авиатасымалдаушының рейстері тоқтатылды. Енді іспен қазақстандық құқық қорғау органдары мен Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері айналысатыны атап өтілді. Олар заңсыз жеткізілімдердің қалай болғанын нақты анықтауы тиіс.
Саясаттанушы Рустам Бурнашевтің айтуынша, бұл жағдайда ел басшылығы мен үкіметінің заңсыз жеткізілімдермен байланысы жоқ екені анық. "Бұл жерде әңгіме өте тиімді коммерциялық тапсырыстар орындаған коммерциялық компания туралы болып тұр. Халықаралық құқық тұрғысынан қарағанда бұл ұлттық деңгейде тиімді шешімін табуы мүмкін қарапайым оқиға", - деді саясаттанушы.
3296