«Қазаэронавигация» Ташкентте өткен SOCEA және CANSO халықаралық кездесулеріне қатысты
Салынған уақыты 18.09.2026 14:06
2026 жылғы 8-10 қыркүйек аралығында «Қазаэронавигация» РМК-нің делегациясы Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен беделді халықаралық салалық форумдарға қатысты. Атап айтқанда, Еуропа мен Азия елдерінің аэронавигациялық қауіпсіздікті үйлестіру жөніндегі өңірлік алаңының үшінші жылдық жалпы жиналысы – SOCEA AGM/3 және Еуразия өңірінің аэронавигациялық провайдерлері басшыларының төртінші саммиті – CANSO iс-шараларына қатысты.
Кездесулер Еуропа мен Азия елдерінің аэронавигациялық қызмет көрсету провайдерлерінің басшылары мен беделді сарапшыларын, сондай-ақ жетекші халықаралық авиациялық ұйымдардың өкілдерін бір алаңға топтастырды. Форум аясында қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты дамыту, ұшу қауіпсіздігін арттыру, әуе қозғалысын басқаруды жетілдіру, сондай-ақ ұшу қарқындылығының артуы мен халықаралық әуе ағындарының өзгеруі жағдайында аэронавигациялық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін кеңінен талқылады.
8 қыркүйекте SOCEA AGM/3 аясында «Қазаэронавигация» РМК Қазақстан Республикасының аэронавигациялық провайдерінің қызметі туралы жылдық есепті таныстырды. Баяндамада еліміздің әуе кеңістігінің құрылымы, әуе қозғалысының серпіні, секторлардың өткізу қабілеті, әуе қозғалысын басқару жүйелерінің дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық ынтымақтастық және операциялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жан-жақты қамтылды.
Қазақстан арқылы транзиттік әуе қозғалысының үздіксіз өсуіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы еліміздің әуе кеңістігінде 466 597 ұшуға қызмет көрсетілді. Транзиттік ұшулардың үлесі әуе қозғалысының жалпы көлемінің 62 пайызына жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 224 697 ұшуға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 3,76 пайызға артық.
35