Жапондық компания аспанға көтерілмей-ақ саяхаттаудың жолын тапты
Салынған уақыты 08.09.2020 08:39
«Жапондық First Airlines компаниясы саяхатшылар үшін ерекше тәжірибе жасады. Ол туристерге бірінші класпен виртуалды әуе саяхатын жасауды және ауаға көтерілмей-ақ, жер шарының кез келген бұрышына баруды ұсынады. Бір адамға ұшу құны шамамен 60 долларды құрайды» деп жазады Simple Flying басылымы.
First Airlines Airbus A310 бірінші класты салонның дәлме-дәл үлгісін жасап, виртуалды ұшу барысында жолаушылар өздерін жайлы сезіну үшін бөлме ішіне дәл сондай орындықтарды орнатты. Әрбір саяхат былай өтеді: туристер тіркеу қақпасынан өтіп, «борттағы» өз орындарына отырады. Ұшып көтерілу және қону кезінде визуалды әрі дыбыстық эффект көмегімен шынайы ұшқандай көрініс жасалып, барынша ұқсас етіп жасау үшін рейс кезінде виртуалды терезелердің ар жағынан булттардың қалқығаны көрінеді. Салонда жолаушыларға қызмет көрсететін және тамақ тарататын бірнеше бортсеріктер жұмыс істейді. Әр бағыт үшін бөлек мәзір жасалады: Францияға баратындар ысталған лосось және фуа-грамен тамақтанып, ләззат алса, итальяндық рейстерде оларға қуырылған шошқа еті мен тирамису ұсынылады, ал Гавайға баратын саяхатшыларға қабығы жұмсақ асшаяндар ұсынады.
Бүгінгі таңда клиенттерге 10-ға жуық түрлі бағыттар қолжетімді: Италия, Франция, Финляндия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Гавай және Жапонияның ең ірі қалалары. Айта кету керек, пандемия мен елдер арасындағы әуе қатынасын шектеу кезінде мұндай бастамалар барған сайын танымал бола түсуде. Бұған дейін Тайвань әуежайында туристер үшін арнайы экскурсия бағдарламасы жасалып, соның арқасында адамдар ұшу алдындағы барлық процедуралармен танысып, тіптен одан әрі ұша алмаса да, әуе кемесіне кіріп отыра алатын болды.
3098