ruenkz

ИКАО-НЫҢ 2026 - 2050 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ҚАУІПСІЗ АСПАН, ОРНЫҚТЫ БОЛАШАҚ» СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЫ

Салынған уақыты 12.02.2026 15:07

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) әлемдік авиацияны дамытудың ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайтын 2026-2050 жылдарға арналған стратегиялық жоспарды ұсынды. ИКАО болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай авиатасымалдар көлемі 12,4 млрд жолаушыға дейін жетеді. Жоспар неғұрлым қауіпсіз, сенімді, экономикалық жағынан тұрақты және экологиялық тұрғыдан жауапты авиациялық жүйені қалыптастыруға бағытталған.

Құжат әлем халықтары мен мемлекеттерінің ортақ игілігі үшін, халықаралық азаматтық авиацияның қауіпсіз, сенімді және тұрақты жүйесін құруды мақсат еткен тұжырымдамаға негізделген.

Стратегиялық жоспар үш негізгі мақсатты қамтиды: 2050 жылға қарай халықаралық ұшуларда көміртегі шығарындыларының таза нөлдік деңгейіне қол жеткізу, авиацияны біртұтас, қолжетімді және инклюзивті көлік жүйесіне қосу, сондай-ақ халықаралық авиацияда оқиғалар мен заңсыз араласу әрекеттерінен болған өлім көрсеткішін толықтай жою.

Стратегиялық мақсаттар қатарында – әрбір ұшудың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету, авиацияның көміртекті бейтараптығына қол жеткізу, үздіксіз және қолжетімді әуе ұтқырлығын дамыту, артта қалмау үшін мемлекеттерді қолдау, халықаралық әуе құқығын жаңарту және әуе көлігінің экономикалық дамуына жәрдемдесу.

           Стратегиялық жоспарды іске асыру үшін ИКАО ұйымдық құрылымды жетілдіруді, инновацияларды енгізуді, гендерлік теңдікті ілгерілетуді және авиацияға жаңа кадрларды тартуды, сондай-ақ әріптестікті дамытуды, ресурстарды жұмылдыру мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету тәрізді басымдығы жоғары тетіктерді айқындады.

12