ruenkz

Сенат депутаттары «Қазаэронавигация» РМК қызметімен танысты

Салынған уақыты 13.11.2025 14:59

                    2025 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» РМК-да болды.

Сапардың мақсаты – Қазақстан Республикасының аумағында әуе және жердегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері мен «Қазаэронавигация» РМК-ның халықаралық қызметін талқылау.

Сапар барысында сенаторлар Кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысып, Астана қаласындағы әуе қозғалысын ұйымдастыру орталығы мен әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығының жұмысын көрді. Депутаттар кәсіпорын мамандарының жердегі және әуедегі әуе кемелерін басқара отырып, әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысының мән-жайымен танысты. Сенаторлар, сондай-ақ, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы объектілер мен заманауи жабдықтардың жұмысын жақыннан көрді.

«Қазаэронавигация» РМК бас директоры Ф.Богдашкин Кәсіпорын Қазақстан Республикасының аумағындағы әуе қозғалысына қауіпсіз және сапалы аэронавигациялық қызмет көрсететін ұлттық аэронавигациялық қызмет провайдері болып табылатынын атап көрсетті. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аэронавигациялық жүйесінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестік деңгейі 93.94%-ды құрайды, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен 27% жоғары.

Сапар қорытындысы бойынша жан-жақты пікір алмасу ұйымдастырылып, оның барысында Сенаторлар мен «Қазаэронавигация» РМК басшылығы Кәсіпорын алдында тұрған нақты мәселелерге тоқталды.

Парламентарийлер өзекті мәселелерді шешуге, атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінің тартымдылығын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мен дамытуға атсалысуға дайын екенін білдірді.  

 

 

 

136