Qatar Airways пандемия жағдайында ең тиімді тарифтік саясат енгізбекші
Салынған уақыты 08.06.2020 16:12
Qatar Airways авиакомпаниясы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты саяхатшылар үшін ең тиімді тарифтік саясат әзірледі. Тасымалдаушы клиенттері COVID-19 жағдайында жайлы ұшуды жоспарлауға мүмкіндік беретін көптеген қызметтерге қол жеткізді, деп жазады Lonely Planet басылымы.
Қазіргі уақытта Qatar Airways жолаушыларға ұшу күнін тегін және шектеусіз өзгертуге, сондай-ақ маршруттарды шектеусіз ауыстыруға мүмкіндік береді (егер межелі пункттер бір-бірінен сегіз мың километр радиуста болса). Бүгінгі күні бұл авиациялық қызметтер нарығындағы ең тиімді тарифтік саясат. Өзгерістер енгізу үшін брондау күнінен бастап екі апта күту қажет, ал маршруттарды ауыстыру кезінде ұшу Дохадағы халықаралық әуежай арқылы жүзеге асырылуы тиіс деген сияқты кейбір шектеулердің де енгізілгенін айта кету керек.
Бұл ұсыныс 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін брондалған, ұшу күні 2020 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғанға дейінгі рейстерге қолданылады. Бұған дейін Qatar Airways өкілдері авиакомпанияның 52 халықаралық маршрутына мамыр айының соңына қарай қызмет көрсетіле бастайтынын, ал тағы 28 бағыт ағымдағы жылдың маусым айының соңына қарай қайта басталатынын мәлімдеді.
3197