Lufthansa авиакомпаниясы ұшақтарда «күн отынын» пайдалануды жоспарлап отыр
Салынған уақыты 02.06.2020 17:06
15 мамырда Lufthansa Group көміртегі шығарындыларын азайту және «күн отынын» енгізу туралы келісімге қол қойды. Компания авиациялық керосинді алмастыруға қабілетті отынның баламалы түрлерін дамытуға бұрыннан инвестиция құйып келеді. Осындай энергия көздерінің бірі - күн сәулесі, деп хабарлайды Simple Flying.
2019 жылдың маусым айында ETH Zurich Швейцария зерттеу университеті авиациялық керосинді алмастыра алатын инновациялық отынды әзірлегені туралы хабарлады. Цюрихтегі Федералды технология институты ғалымдарының айтуынша, олар көлік саласында жаппай қолданылатын «концентрацияланған күн сәулесін көмірсутегі отынына» айналдыра алды. Технология атмосферадан CO2 алып, оны сумен және Concentrated Solar Power (CSP) ретінде де белгілі концентрацияланған күн сәулесімен араластыруға мүмкіндік береді. Реакция нәтижесінде реактивті қозғалтқыштар үшін отынға айналуы мүмкін синтез-газ түзіледі. Бұл технологияны Lufthansa әуе лайнерлерін отынмен жабдықтау үшін пайдалануды жоспарлап отыр.
Deutsche Lufthansa AG Атқарушы кеңесінің мүшесі Кристина Ферстер өз мәлімдемесінде экологиялық таза энергия көзін пайдалану қажеттігін атап өтті: «Біз экологиялық таза авиациялық отынның маңыздылығын тағы да атап өтеміз. Lufthansa компаниялар тобы атмосфераға зиян келтірмеу жолында көп жылдар бойы еңбек етіп келеді. Перспективалы технологияларды қолданып, инновациялық әріптестермен ынтымақтастық орнатып, біз дұрыс жолды таңдадық деп мәлімдей аламыз».
3490