ruenkz

Алматы авиадиспетчерлердің кәсіби шеберлік орталығына айналды

Салынған уақыты 21.10.2025 15:33

Алматы қаласында Азаматтық авиация академиясының қолдауымен және «Қазаэронавигация» РМК ұйымдастыруымен Халықаралық әуе қозғалысын басқару диспетчерлерінің кәсіби шеберлігі байқауы өтті.


Байқау алаңында Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның жетекші аэронавигациялық ұйымдарынан келген үздік мамандар бас қосып, жоғары дайындық пен шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті.


Бұл – соңғы жеті жылда бірінші рет болып отырған осындай ауқымды байқау. Бұған дейінгі халықаралық жарыс 2018 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен еді. Биылғы іс-шара әуе қозғалысын ұйымдастыру саласындағы мамандар мен сарапшыларды бір арнаға тоғыстырып, бүкіл Еуразияның авиация саласы үшін айрықша маңызды оқиғаға айналды.


Жарыс төрт кезеңнен тұрды:
• аэронавигация саласындағы өзекті тақырыптарға арналған үй тапсырмасын орындау;
• теориялық білім мен ағылшын тілін меңгеру деңгейін тексеру;
• диспетчерлік жаттығу құрылғысында практикалық жұмыс жасау;
• сондай-ақ, стрестік жағдайларда шешім қабылдау шеберлігін бағалау.


Қазақстандық команданың өкілі Тимур Наврузовтың айтуынша, бұл байқау тек жарыс қана емес, сонымен қатар елдер арасындағы тәжірибе алмасудың тиімді алаңы болды.
«Аэронавигация саласы қарқынды дамып келеді: цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізіліп, әуе кеңістігінің құрылымы жетілдірілуде. Мұндай іс-шаралар мамандарға білім мен тәжірибе алмасуға, кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, ұшу қауіпсіздігін арттыруға тікелей әсер етеді», — деп атап өтті ол.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау Еуразия аймағы елдерінің әуе қозғалысын басқару мамандарының кәсіби деңгейінің қаншалықты жоғары екенін көрсетті және азаматтық авиацияны дамытудағы Қазақстанның көшбасшы рөлін айқындады.


«Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны алдағы уақытта да осындай іс-шараларды өткізіп, мамандардың біліктілігін арттыруға және аэронавигация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.

1800