ruenkz

Азаматтық авиация академиясында түлектерге диплом табысталды: «Қазаэронавигация» болашақ мамандарды қолдайды

Салынған уақыты 30.06.2025 10:14

Бүгін Азаматтық авиация академиясында түлектерге диплом табыстау салтанатты шарасы өтті. Бұл күн – азаматтық авиация саласындағы кәсіби жолдарын енді ғана бастағалы отырған жас мамандар үшін ерекше әрі есте қаларлық сәт болды.


Салтанатты жиында түлектерге, олардың ата-аналарына және профессор-оқытушылар құрамына РМК «Қазаэронавигация» бас директорының орынбасары Ардақ Утепов құттықтау сөз арнады. Ол болашақ мамандардың таңдаған кәсібінің маңыздылығын, бұл саланың үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, жас түлектердің ел авиациясын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

«Бұл жай ғана диплом алу рәсімі емес — бұл сіздердің үлкен кәсіби жолдарыңыздың бастамасы. Бүгінде Академия түлектерінің жүздегені біздің ұжымның мүшесі болып, еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Алда бұл қатарды жаңа есімдер мен жаңа жетістіктер толықтыратынына сенемін», — деді Ардақ Утепов.

Азаматтық авиация академиясы мен «Қазаэронавигация» арасындағы әріптестік аясында бірқатар бірлескен білім беру жобалары іске асырылып жатыр. Соның ішінде әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін даярлау бағдарламасы ерекше орын алады. Қазаэронавигация кәсіпорны жас мамандарды теориялық және тәжірибелік тұрғыда қолдап, кәсіби дамуына жол ашады.

Іс-шара диплом табыстау, естелік суретке түсіру және түлектер мен ата-аналардың алғыс сөздерімен аяқталды.

283