«Safer Skies» - қауіпсіз аспан бойынша халықаралық форум
Салынған уақыты 11.04.2025 18:06
Марокконың Марракеш қаласында «Safer Skies» 4-ші халықаралық форумы бастау алды. Ол азаматтық авиацияның авиациялық қауіпсіздігі және қақтығыс аймақтарында немесе оларға жақын жерлерде азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін тәуекелдерді азайту мәселелеріне арналған.
Іс-шараны ұйымдастырушы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO), Қауіпсіз аспан жөніндегі консультативтік комитет (SSCC) және Марокко корольдігінің авиациялық билік орындары. Семинарға авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетекші әлемдік сарапшылар, түрлі елдердің азаматтық авиация өкілдері, тұрақсыз саяси жағдайдағы елдерге ұдайы ұшатын авиакомпаниялар, сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсету провайдерлері жиналды.
Форум жұмысына «Қазаэронавигация» РМК атынан бас директордың орынбасары - авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы Жеңіс Аугалиев және авиациялық қауіпсіздік бойынша тәуекелдерді бағалау және басқару секторының бастығы Талғат Жултанов қатысуда.
Марокко Корольдігінің Көлік және логистика министрі Абдессамад Каюх және ИКАО президенті Сальваторе Шаккитано форум қатысушыларының алдында сөз сөйледі. Өз сөзінде олар бүкіл әлем бойынша үнемі өсіп келе жатқан қақтығыстар жағдайында семинардың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, авиациялық қауіпсіздік азаматтық әуе кемелерінің қақтығыс аймақтары үстінен немесе олардың маңынан ұшуын қамтамасыз етуде негізгі фактор болып табылатынын атап өтті.
«Safer Skies» форумы тәжірибе алмасу алаңы болып табылады, онда күтпеген жағдайлар туындаған кезде ықтимал шешімдер қарастырылады. Форумның қорытындысы қақтығыс аймақтарында тәуекелдерді азайту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу және тиімді басқару стратегияларымен алмасу болады.
396