ruenkz

Пайдаланушы сертификатынан айрылған Bek Air авиакомпаниясының қызметкерлері басқа жұмыс қарастыруға мүмкіндік алады

Салынған уақыты 28.04.2020 15:24

Жақын арада Bek Air қызметкерлері жұмыс қарай алатын арнайы сайт ашылмақшы

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификатын және әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы сертификатын қайтарып алған Bek Air авиакомпаниясының қызметкерлеріне басқа жұмыс табуға көмек көрсетіледі, деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Азаматтық авиация комитеті               «Bek Air» АҚ-ның жұмыстан айрылған қызметкерлеріне баламалы жұмыс табуға көмек көрсететінін, айта кету керек. Жақын арада арнайы сайт құрылып, онда жұмыс іздеу үшін авиакомпания қызметкерлері тіркеле алады», - делінген ААК мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, мәлімдемеде тасымалдаушының еңбек заңнамасына сәйкес өз қызметкерлерін еңбек жағдайларының өзгергені туралы жазбаша хабардар етіп, олардың еңбек қызметін растайтын құжаттарын беру, сондай-ақ өтемақы төлеу қажеттігі жазылған.

«Сонымен қатар, ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес авиакомпания бұрын сатып алынған билеттер үшін жолаушыларға ақшаны қайтаруға міндетті», – деп хабарлады Комитетте.

Пайдаланушы сертификаты авиакомпанияның Авиациялық әкімшілік енгізген бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдарды орындамауынан қайтарып алынды. Сондай-ақ, авиакомпания пайдаланған барлық тоғыз Fokker әуе кемесінің ұшу жарамдылығы сертификаттары қайтарып алынды.

Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласының маңында апатқа ұшыраған болатын. Лайнер ұшып көтерілу кезінде биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылысқа соғылады. Әуе апатынан 12 адам қаза табады.

Бұл оқиғадан кейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, Bek Air авиакомпаниясының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел бұзушылықтар анықталады.

3589