Қазақстан Үкіметі азаматтық авиация саласының субъектілері үшін салық жеңілдіктерін енгізді
Салынған уақыты 22.04.2020 18:13
Қазақстан Республикасының Үкіметі кейбір салықтар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемелеріне "0" түзету коэффициентін белгілеу туралы қаулы қабылдады, ол еліміздің әуе көлігі қызметіне де қатысты. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республиканың Министрлер Кабинеті төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының; жеке практикамен айналысатын тұлға дербес төлейтін жеке табыс салығының; дара кәсіпкердің өзі үшін төлейтіндерін қоспағанда, әлеуметтік салықтың, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдардың мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициентін енгізді. Қаулыға қосымшада аталған салық жеңілдіктері еліміздің әуе жолаушылар көлігінің қызметіне де қатысты екені көрсетілген.
Қазақстан Үкіметінің деректері бойынша бұл ережелер төлеу (аудару) мерзімі 2020 жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесіне дейінгі кезеңде басталатын міндеттемелер бойынша қолданылады. Сондай-ақ, Министрлер Кабинетінің қаулысында: «2020 жылдың 1 сәуірінен 2020 жылдың 1 қазанына дейінгі кезеңде әуе айлақтарындағы ұшу-қону жолақтары мен әуежайлардың терминалдары бойынша мүлікке салынатын салық мөлшерлемелеріне "0" түзету коэффициенті белгіленсін», - делінген.
Сонымен қатар, Қаулыда: «Әуе жолаушылар көлігі қызметімен айналысатын Қазақстан Республикасының резиденттері-салық төлеушілерге техникалық қызмет көрсету және әуе кемелері лизингінің мәмілелерін заңдық сүйемелдеу бойынша резидент емес үшін есептелген қосылған құн салығын төлеу бойынша 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін кейінге қалдыру берілсін. Бұл ретте есептелген қосылған құн салығының сомасы 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджетке төленген жағдайда аталған салық төлеушілер резидент емес үшін есептелген қосылған құн салығының сомасын резидент еместен осындай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу салық салынатын айналым деп танылған салық кезеңінде есепке жатқызады», - деп жазылған.
3769