ruenkz

Нұр-Сұлтан әуежайының коды өзгерді

Салынған уақыты 08.04.2020 12:01

Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасай отырып, Tengrinews.kz Нұр-Сұлтан әуежайының кодының өзгергені туралы хабарлайды.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ІАТА) 6 сәуірдегі арнайы хабарламасына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қолданыстағы үш әріптік TSE кодын NQZ деп өзгерту туралы түпкілікті ресми шешім қабылданды.

«Бұл өзгеріс ресми түрде 2020 жылдың 8 маусымынан бастап авиабилеттерді броньдаудың барлық жүйелерінде, соның ішінде билеттерде, багаж биркаларында, ақпараттық таблода да қолданылатын болады.

Астана әуежайының кодын өзгерту туралы келіссөздер 2017 жылдан бастап жүргізіліп келді. Әуежай Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне сол кезде атауын өзгерткен болатын.

2017 жылы Талғат Ластаев қазақстандықтар тарапынан әуежай кодын өзгерту туралы ұсыныс бар екенін айтты.

«NIA (Nazarbayev International Airport), NNA (Nursultan Nazarbayev Airport) немесе NAN сияқты түрлі нұсқалар айтылып жүр. Бірі бос емес болса, екіншісі бос. Мысалы, NAN коды Фиджи аралының әуежайына тиесілі, ал NNA коды - Марокко әуежайынікі. Қазір біз лайықты кодтарды зерттейміз және IATA-мен келіссөздер жүргіземіз, бірақ бұл мәселе бір күнде шешілмейді, өйткені жаңа кодты беру процесі өте қиын. Біріншіден, ІАТА-ның ресми ұстанымы – код бір-ақ рет беріледі және одан әрі өзгермейді, барлығына код жетіспейді (түрлі елдерден өтінімдер көп), екіншіден, кодтардың ауысуы бүкіл әлемдегі броньдау жүйелері мен анықтамалықтарына өзгерістер енгізуге алып келеді", - деп атап өткен сол кезде ААК басшысы.

Әуежайлардың кодтарын авиакомпаниялар, авиабилеттерді сату жөніндегі агенттіктер, билеттерді броньдаудың компьютерлік жүйелері, басқа да мүдделі ұйымдар жолаушылар авиатасымалдауы саласындағы коммерциялық қызметті ұйымдастыруға байланысты ақпаратты беру үшін және осы коммерциялық қызмет шеңберінде әртүрлі кәсіпорындардың өзара іс-қимылы барысында пайдаланады.

3959