Airbus Maveric атты жаңа ұшақтың демонстрациялық үлгісін ұсынды
Салынған уақыты 27.02.2020 16:31
11 ақпанда Airbus жаңа ұшу аппаратының демонстрациялық үлгісін ұсынды. Фюзеляж мен қанаттарының конструкциясы ерекше ұшақ Maveric деп аталды, деп жазады Traveller. Белгілі болғандай, лайнерді әзірлеу кезінде «қанаттың құрамдастырылған құрылымы» қолданылды. Басқаша айтқанда, ұшақтың фюзеляжы ортасында негізгі кабина орналасқан бірыңғай қанат болып табылады.
Айта кету керек, Maveric көлемі жағынан шағын ғана: оның ені 3,2 метр, ұзындығы 2 метр. Бүгінгі күні прототипте кабинаның ішкі кеңістігі жабдықталмаған, сондықтан салонның дизайнын көру мүмкін емес. Мұндай жаңашыл конструкция көміртегінің шығарындыларын 20%-ға азайтып, «зиянсыз ұшулардың» жаңа дәуірін бастауы мүмкін. Бұдан басқа, қозғалтқыштар мен басқа да қуатты қондырғылар ұшу аппаратына интеграциялануы мүмкін болғандықтан, оның қозғаушы күші де революциялық болуы мүмкін. Мұндай лайнерлердің басқарылуы қиын, бірақ аэродинамикалық кедергісі аз, бұл оларды ұшу үшін тиімдірек етеді.
«Біз осындай технологияларды дамытуға уақыт жетті деп есептейміз, олар жаһандық экологиялық міндеттерді шешуге көмектеседі, — деді Airbus әзірлемелер жөніндегі атқарушы вице-президенті Жан-Брайс Дюмон. — Бұл келесі буынның ұшақтары». Мұндай лайнерлер азаматтық авиацияда 5-10 жылдан кейін пайда болуы мүмкін деп айтуға әлі ерте. Бүгін Airbus қызметкерлері кабинаның қалай жұмыс істейтінін, ұшақ әуежайға қалай ықпалдасатынын, ең бастысы осындай әуе кемесінің жолаушылары өздерін қалай сезінетінін зерттеуде. Бұған дейін әуе лайнерлерінің жаңа құрылымын жасау туралы KLM авиакомпаниясы хабарлаған болатын.
3555