ruenkz

"Israir" әуе компаниясы 2020 жылдың мамыр айынан бастап Тель-Авив – Алматы бағыты бойынша ұшуды жоспарлап отыр

Салынған уақыты 20.02.2020 11:00

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев "Israir" әуе компаниясының президенті Ури Сиркис және Израиль мемлекетінің Елшісі Лиат Вексельманмен "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ, ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ, ҚР МКҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның әуежайларында енгізілген "ашық аспан" жүйесі аясында Израиль мен Қазақстан арасында тікелей тұрақты жолаушылар әуе қатынасын орнату мәселесі бойынша кездесу өткізді.
"Israir" әуе компаниясының президенті Ури Сиркис авиациялық қауіпсіздік бойынша барлық қажетті рәсімдерді өткізу шартымен 2020 жылғы мамырдан бастап Тель-Авив – Алматы бағыты бойынша ұшуларды бастау жоспарын мәлімдеді.
Израильдік әуе компаниялардың шет елдерге ұшуы жоғары қауіпсіздік шараларымен байланысты екенін атап өту қажет. Осыған байланысты, кездесу барысында тараптар шет елдерге рейстерді орындау кезінде израильдік әуе компанияларға қойылатын Израиль мемлекетінің авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды талқылады.
Жалпы, Израильмен тікелей әуе қатынасын орнату Қазақстанның туристік және транзиттік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ мәдени өзара іс-қимылға, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастыққа ықпал ететін болады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасында тұрақты жолаушылар рейсін ашу бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.


Анықтама үшін:
"Israir" әуе компаниясы Израильдің екінші ірі әуе компаниясы болып табылады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша әуе компания 1,5 млн жолаушы тасымалдады. Әуе компанияның флоты А 320 және ATR 72 типті 7 әуе кемесінен тұрады. Бен Гурион атындағы әуежайда орналасқан (Тель-Авив).

3552