Тағы бір түрік авиакомпаниясы Қазақстанға рейс ашу туралы шешім қабылдады
Салынған уақыты 14.02.2020 10:37
Ол Алматыға ұшуды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр.
Corendon Airlines түрік авиакомпаниясы Түркиядан Қазақстанға рейстер ашуды жоспарлап отыр. Мәселен, тасымалдаушы Алматы әуежайына 2020 жылдың 31 наурызынан бастап слоттарды ұсынуға өтінім берді. Осы уақыттан бастап Corendon Airlines аптасына үш рет Анталья – Алматы – Анталья бағыты бойынша Boeing 737 ұшағында ұшуды жоспарлап отыр.
Corendon Airlines 2004 жылы құрылған және Анталияда орналасқан. 45 елге және 145 әуежайға ұшуларды жүзеге асырады; жылына 3 млн-ға жуық жолаушы тасымалдайды. Тасымалдаушы жетекші еуропалық және азиялық туроператорлар үшін, негізінен Түркияның Еуропадан танымал туристік бағыттарына тұрақты және чартерлік рейстерді орындайды.
Авиакомпания және оның еншілес кәсіпорындары паркінде 16 Boeing 737-800 және 1 Boeing 737 MAX 8 лайнері бар.
Бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты рейстерді екі елдің бірнеше авиакомпаниялары жүзеге асырады: Air Astana, Scat, Turkish Airlines, Pegasus Airlines. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Атырау арасында Стамбұлға, Анталья мен Бодрумға ұшуларды орындайды. Бұған дейін Анталья – Алматы бағыты бойынша Atlas Global түрік авиакомпаниясы ұшуларды орындады, алайда 2019 жылдың соңында тасымалдаушыда қаржылық мәселелер туындады және ол ұшуларды уақытша тоқтатты. Мүмкін, Қазақстан нарығына Corendon Airlines келуі осыған байланысты.
Бұрын жазғы кезеңде көптеген қазақстандық қалаларға түрік авиакомпаниялары рейстерін жүзеге асырды, алайда 2013 жылдың жазынан бастап Азаматтық авиация комитеті шетелдік тасымалдаушыларға чартерлік тасымалдарға тыйым салып, оларға тұрақты ұшуларды орындауды ұсынды. Содан бері кейбір түрік авиакомпаниялары Қазақстанға көктемгі-жазғы навигация кезеңінде ғана тұрақты рейстерді орындайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей әуежайларында ашық аспан режимі енгізілді. Режим рейстер санына шектеулерді алып тастауды және қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша шетелдік авиакомпанияларға бесінші дәрежелі ауа еркіндігін беруді көздейді. «Ашық аспан» режимінің қолданылу мерзімі - одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 3 жыл. Бұл сондай-ақ шетелдік авиакомпаниялардың Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдердің қалаларына ұшуын білдіреді. Жаңа режим Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға және әуежайлар арқылы транзиттік жолаушылар ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп есептеледі.
Qatar Airways авиакомпаниясы 30 наурызда Дохадан Нұр-Сұлтанға, 2020 жылғы 1 сәуірде Алматыға ұша бастайды.
3623