ruenkz

Америкалық компания электр ұшақ үшін қозғалтқыш әзірлеуде

Салынған уақыты 10.02.2020 15:04

Америкалық Wright Electric компаниясы 2021 жылы алысмагистральды ұшақтарға арналған алғашқы электр қозғалтқышын сынақтан өткізеді. Ұшу сынақтары 2023 жылы басталады, деп жазады FlightGlobal басылымы. Wright Electric тұрақты токты айнымалы токқа айналдыру арқылы жұмыс істейтін электрқозғалтқыш жасайды, лайнердің күштік қондырғысының негізі осы болмақ.

Британдық EasyJet тасымалдаушысы жолаушылар тасымалдайтын әлемдегі алғашқы электрұшағын әзірлеу бойынша серіктес болды. Авиакомпания қазірдің өзінде 186 орындық электр әуе кемесінің үлгісін жобалаумен айналысады. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол Wright 1 атауын алады. Wright Electric басшысы Джеффри Энглер бұл жобамен айналысқанын атап өтті, себебі коммерциялық авиацияны экологиялық таза ету қажет, бұл үшін бүгінде барлық мүмкіндіктер бар. Арнайы қозғалтқышты әзірлеу «Ауа тазалығы үшін күрес жөніндегі жаһандық миссияны іске асыруда ілгері қадам жасауға» мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 10 желтоқсанда канадалық компания әлемдегі алғашқы электр лайнерін сынап көрген болатын. Алты адамға есептелген әуе кемесі сынақ ұшуын орындап, сәтті қонды. Бұл дегенмен шағын авиация саласындағы әзірлемелер екенін айта кету керек, электр қозғалтқыштарда жұмыс істейтін ірі жолаушылар авиалайнері әлі ойлап шығарылған жоқ.

3328