«Бек Эйр» авиакомпаниясының әуе кемесімен Алматы маңында болған әуе апатына байланысты «Қазаэронавигация» РМК ақпараты
Салынған уақыты 30.12.2019 17:31
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуеайлағында «Бек Эйр» авиакомпаниясының әуе кемесі апатқа ұшырады.
«Қазаэронавигация» РМК Алматы маңында болған әуе апатында қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді.
Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында «Бек Эйр» ұшағының алдында ұшып көтерілген әуе кемесінен пайда болған желдің ықпалы орын алған апат себептерінің бірі болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.
«Қазаэронавигация» РМК авиациялық оқиғаның болжамды себептерін түсіндіруді жоспарлаған жоқ, бірақ «Бек Эйр» авиакомпаниясының шындыққа сәйкес келмейтін болжамдарына байланысты келесіні атап өтуге мәжбүр болды.
Фоккер-100 әуе кемесі, сондай-ақ оның алдында ұшып көтерілген А-321 аэробусының да ең жоғары ұшып көтерілу массасы 136 тоннаға дейін болады, демек олар орташа әуе кемелерінің санатына жатады.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 16 мамырдағы № 279 бұйрығымен бекітілген Әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықтың 186-тармағында орташа әуе кемелері үшін бір ұшу-қону жолағынан ұшып көтерілу кезінде ең аз уақыт аралықтары 1 минутты құрайтыны көрсетілген.
Қазақстан Республикасында белгіленген уақыт аралықтары жалпы әлемдік талаптар мен стандарттарға сәйкес келеді және барлық халықаралық әуежайларда әуе кемелерінің ұшып көтерілуі мен қонуы арасындағы уақыт аралықтары дәл осылай белгіленген.
Объективті бақылау құралдарының материалдарына сәйкес осы әуе кемелерінің ұшып көтерілуі арасындағы уақыт аралығы 2 минутты құрады. Демек, аталған ұшақтар ұшып көтерілген кезде уақыт аралығы бұзылған жоқ.
5701