Airbus экологиялық таза ұшақ жасамақшы
Салынған уақыты 13.12.2019 14:17
Еуропаның ең ірі авиаконцерні Airbus экологиялық ең таза ұшақ жасаумен айналысуда. Мұндай алғашқы лайнерлер 2030 жылдары шығуы мүмкін, деп жазады Bloomberg.
Airbus зиянды шығарындыларсыз жұмыс істейтін өңірлік ұшақтар жасауға ниетті. Хабарламада айтылғандай, лайнерлер 100-ге жуық жолаушы тасымалдай алатын болады. Қазіргі уақытта авиаконцерн көміртегі шығарындыларын азайтудың бірнеше әдістерін зерттеп жатқаны белгілі болды. Airbus компаниясы неғұрлым үнемді қозғалтқыштар мен отынның баламалы түрлерін шығару мәселесі бойынша көптеген серіктестермен (қозғалтқыштар шығарушылар мен әртүрлі стартаптарды қоса алғанда) бірлесіп жұмыс істеуде.
«Қазір 2050 жылға қарай экологиялық мәселенің бірыңғай шешімі жоқ, бірақ кешенді тәсілде оң нәтиже бере алатын бірқатар әзірлемелер бар, — деді Airbus ExO Alpha бас директоры Сандра Шеффер. — Ірі авиалайнерлерден келетін зиянды азайту үшін көптеген заманауи технологияларды пайдалануға тура келеді, сондықтан оларды енгізу процесі айтарлықтай уақыт алады. Ал шағын өңірлік ұшақтар 2030 жылдардың басында шығарындыларсыз ұша алады». Қазіргі уақытта көптеген компаниялар мен ұйымдар азаматтық авиация саласындағы экология мәселесімен айналысады. Осылайша, KLM әуекомпаниясы жаңа, V-тәрізді лайнер жасауда. Жаңа конструкция мен аса жеңіл материалдар қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға мүмкіндік береді деп болжануда. Ал НАСА ғалымдары отынның жаңа түрін шығаруда.
3550