S7 авиакомпаниясы 2023 жылы бизнес-джеттер құрастыратын зауыт ашады
Салынған уақыты 14.11.2019 16:50
Ресейлік S7 авиакомпаниясы 2023 жылға қарай шағын авиация орталығының құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр, оның базасында бизнес-джеттер құрастырылатын болады. Өндіріс Мәскеу қаласының маңындағы Ступино қаласында орналасады, деп хабарлайды ТАСС.
Ресейдің ірі авиатасымалдаушыларының бірі Victory жеңіл ұшақтарын шығаруды бастағысы келеді. Ұшу аппараттары көміртекті композиттік материалдардан жасалады. Салмағы 3 тоннадан аспайтын бір лайнер 1 пилот пен 4-5 жолаушыны тасымалдауға арналатын болады. Ең жоғары жылдамдық шамамен 600 км/сағ, ал қашықтығы — шамамен 2000 км құрайды.
«S7 Airlines компаниясы Ступино қалалық округінде шағын авиация орталығын салудың бірінші кезеңін жүзеге асыруда. Орталықтың құрылысын аяқтау 2023 жылдың басына жоспарланған",-деді Мәскеу облысының Инвестиция және инновация министрлігінің баспасөз қызметі. Белгілі болғандай, жобаның құны 13 млрд рубльге бағаланады. Шағын авиация орталығы тек әуе кемелерін шығарумен ғана айналыспайды, оның аумағында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу кәсіпорындары, сондай-ақ ұшқыштарға арналған оқу орталығы ашылады. Victory лайнерлерін ірі компаниялар бизнес-тасымалдау үшін пайдаланатын болады деп күтілуде. Ресей нарығында мұндай қызмет қаншалықты сұранысқа ие екені белгісіз.
3392