ruenkz

Нұр-Сұлтаннан қандай халықаралық рейстер орындалады

Салынған уақыты 04.11.2019 14:07

Нұр-Сұлтан қаласынан қанша халықаралық рейс орындалып жатыр және Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елордада «Ашық аспан» режимін одан әрі дамыту бойынша жұмыстар қалай жүргізілетін болады деген мәселелер туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті айтып берді.

Елбасының елорданың көліктік қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында мерзімі шектелмеген «ашық аспан» режимі енгізілді.

Айта кетейік, елордадағы «ашық аспан» режимі шетелдік авиакомпанияларға елордаға тұрақты рейстерді орындау құқығын береді.

«Енгізілген режимнің арқасында қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар соңғы 3 жылда 19 жаңа бағыт ашты (Нұр-Сұлтан – Токио, Будапешт, Варшава, Хельсинки, Пекин, Қазан, Вильнюс, Тюмень, Челябинск, Краснодар, Томск, Сочи, Баку, Душанбе, Ұлан-Батор, Прага, Ереван, Дели, Шарм-эль-Шейх), оның ішінде ағымдағы жылдың 6 шілдесінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки және т.б. рейстер ашылды. Лондон, Мәскеу, Пекин, Стамбулға ұшатын маршруттардың жиілігі артты», - деп хабарлады ААК «ҚазАқпарат» ХАА сауалына берген жауабында. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтаннан 34 халықаралық бағыт бойынша тұрақты рейстер орындалуда.

Жалпы, Азаматтық авиация комитетінде мәлімдегендей, таяу жылдары Доха (Qatar Airways, 2020 жылы), Шанхай (China Eastern, 2021 жылы), Дубай (Emirates, 2021 жылы), Тель-Авив (SCAT, 2020 жылы), Сингапур (2020 жылы), Нью-Йорк (2023 жылы) сияқты ірі қалаларға рейстер ашу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 8 қазанында келешектегі даму мәселелері жөніндегі кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің басты қалаларына ұшатын халықаралық рейстердің санын арттыруды тапсырды.

3774