Қазақстандық екі авиакомпания Сауд Арабиясына тікелей рейстер ашады
Салынған уақыты 01.11.2019 14:09
Қазақстандық екі ірі әуе тасымалдаушы Сауд Арабиясына әуе рейстерін іске қосады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Tengri Travel хабарлады.
Ведомствоның ақпараты бойынша, «Эйр Астана» авиакомпаниясы Алматы - Медина және Алматы - Джидда бағыттары бойынша аптасына екі рет тұрақты рейстер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Қазіргі уақытта авиакомпания жоғарыда көрсетілген рейстерді орындауға рұқсат алу үшін тиісті құжаттар жіберді. Тиісті рұқсаттарды алған кезде әуекомпания осы рейстерді биылғы жылдың соңына дейін орындап бастауға дайын», - делінген хабарламада.
Сауд Арабиясына авиарейстерді іске қосуға SCAT авиакомпаниясы да мүдделі. Авиатасымалдаушы 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап «Боинг-757» әуе кемесінде сол бағыттар бойынша ұшуды бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясы Корольдігінде авиакомпанияны сертификаттау рәсімі жүргізілуде.
SCAT авиакомпаниясы 2016 жылдан бастап қажылық маусымы кезінде қазақстандық қажылыққа барған адамдарды тасымалдау бойынша Сауд Арабиясына тұрақты емес рейстерді орындайды. Өз кезегінде Сауд Арабиясы тарапынан қажылыққа баратын қазақстандық рейстерді FlyNas авиакомпаниясы жүзеге асырады.
Сауд Арабиясының авиакомпаниялары Қазақстанға тұрақты рейстерді орындауды әзірше жоспарлап отырған жоқ деп мәлімдеді ИИДМ-да.
4116