ruenkz

Азияның ең ірі бюджетті тасымалдаушысы Қазақстанда тікелей рейстер ашуға ниетті

Салынған уақыты 30.10.2019 16:10

«Азияның ірі бюджетті тасымалдаушысы «Air Asia» Қазақстанға тікелей рейстер ашуға ниетті» деп хабарлайды ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа халықаралық бағыттарды ашу және жаңа шетелдік авиакомпанияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Куала Лумпур қаласында (Малайзия) құрамына ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің, ҚР Малайзиядағы Елшілігінің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының әуежайларының өкілдері кіретін қазақстандық делегация Air Asia компаниялар тобының ортақ иеленушісі және негізін қалаушы Датук Камарудин бин Меранун мырзамен және AirAsia авиакомпаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил мырзамен келіссөздер жүргізді.

Air Asia Азиядағы және әлемдегі он үшінші ірі бюджеттік авиакомпания болып табылады. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасында Air Asia авиакомпаниясының тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығын және елдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында Малайзия тарапына Қазақстан арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және басқа әуежайларда ауа бостандығының 5-дәрежесі берілген ірі әлемдік қаржы орталықтарына ұшуды орындау мүмкіндігі ұсынылды.

«Ашық аспан» режимі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларына таралады. Сондай-ақ, отандық әуежайлардың өкілдері тұрақты рейсті ашуды ынталандыру бойынша түрлі тетіктерді ұсынды.

Өз кезегінде Датук Камарудин бин Меранун мырза Алматыда Рим, Милан, Ницца және Нью-Йорк (АҚШ) қалаларында ауа бостандығының бесінші дәрежесі берілген тікелей рейстерді ашуға мүдделілік білдірді.

Сонымен қатар, Малайзияның Статс-хатшысы – Көлік министрлігі Азаматтық авиация департаментінің басшысы Мохамад Радзуан Мазлан мырзамен кездесу өткізілді. Келіссөздер барысында малайзиялық авиакомпаниялардың, соның ішінде Air Asia авиакомпаниясының әуе қатынасын кеңейту мәселелері талқыланды.

Малайзияның авиациялық биліктері тарапынан Қазақстанның екі ел арасында жаңа рейстерді ашу жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетілді.

 

4149