Қазақстан арқылы миллион транзиттік авиажолаушылар тасымалданатын болады
Салынған уақыты 29.10.2019 12:01
2015 жылдан бері бұл көрсеткіш төрт есе өсті...
«Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша бір миллион транзиттік авиажолаушылар Қазақстан арқылы тасымалданатын болады», - деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
22 қазанда өткен Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы мен 2020-2025 жылдарға арналған жобаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын ұсына отырып, былай деді: «Контейнерлердің жалпы транзиті 271 мыңнан 825 мың контейнерге дейін үш есеге өсті. Транзиттен түскен табыс 180 млрд теңгеден 782 млрд теңгеге дейін, яғни 4,3 есеге атты. Жүк тасымалы транзитінің көлемі 1,5 есеге – 1,3 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсті. Транзиттік авиажолаушылар саны төрт есеге артып, жылдың соңына дейін бір миллион транзиттік жолаушыларды жеткізуді жоспарлап отырмыз».
Оның айтуынша, елдің ЖІӨ-дегі көлік үлесі 7,9%-дан 8,2% - ға дейін артқан.
Сондай-ақ, ол 2025 жылы Қазақстан арқылы екі миллионнан астам транзиттік авиажолаушы тасымалданатынын айтты.
«Азаматтық авиация саласында транзиттік авиажолаушылар саны 2 есеге артатын болады және 2025 жылы Қазақстанға екі миллионнан астам транзиттік жолаушы қатынайтын болады. Қазақстандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылардың жалпы саны 11 млн адамды құрайды».
Ол үшін отандық тасымалдаушылар әуе кемелерінің паркін 64 бірлікке (Air Astana/Fly Arystan) – 36 әуе кемесімен, SCAT – бес әуе кемесімен, Qazaq Air – үш әуе кемесімен және жергілікті әуе желілері үшін 20 әуе кемесімен жаңартуды жоспарлап отыр.
Авиатранзиттің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында отандық әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту жалғасып, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) тарапынан санатталған әуежайлар саны 19-ға дейін жеткізілетін болады.
Ішкі туризмді ынталандыру үшін шағын авиацияны дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Қазіргі уақытта жергілікті әуе желілерінің үш әуеайлағы жұмыс істейді (Үшарал, Үржар, Зайсан). Баянауыл әуеайлағы пайдалануға беру сатысында. Алдағы бес жылда жергілікті әуе желілерінің тағы 13 әуеайлағын салу көзделіп отыр.
Осы әуеайлақтарға ұшу үшін ағымдағы жылы лизингтік негізде екі L-410 (19 орындық) әуе кемесі сатып алынды және 2025 жылға дейін сол санаттағы 20 әуе кемесін іске қосу жоспарлануда.
Министрлік халықаралық әуе қатынасы санын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Қазақстан 26 шетел мемлекеттерімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатқан (бұл аптасына 26 шетелдік және үш қазақстандық авиакомпания орындайтын 430 рейс деген сөз).
2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтанда «ашық аспан» режимі енгізілді. Үш жыл ішінде қазақстандық және шетелдік авиатасымалдаушылар 19 жаңа бағыт ашты, оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки және басқалар. Лондон, Мәскеу, Пекин, Стамбулға ұшатын маршруттардың жиілігі ұлғаюда.
Қазақстандық тасымалдаушылар Шанхай (2020 жыл), Сингапур (2020 жыл), Нью-Йорк (2021 жыл) сияқты ірі қалаларға рейстер ашуды жоспарлап отыр.
4540