Нұр-Сұлтан әуежайының коды өзгереді
Салынған уақыты 25.10.2019 16:40
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының коды өзгереді, бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Комитетте атап өткендей, ИАТА Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының кодын өзгерту бойынша түзетулерді мақұлдады.
"Варшавада өткен "IATA Global Airport and Passenger Simposium" конференциясында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған, құрамына "ЭйрАстана" және "Скат" авиакомпаниялары өкілдері кіретін азақстандық делегацияның қатысуымен Қазақстан бастамашылық еткен IATA 763 резолюциясына енгізілетін өзгерістер топтамасы мақұлданды. Түзетулер негізінде Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайының коды IATA-да белгіленген процедуралар мен стандарттарға сәйкес енгізілетін болады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтан әуежайының кодын өзгерту туралы шешім қазан айында жолаушылар стандарттары конференциясында (Passenger Standards Conference – PSC) қабылдануы мүмкін, үш әріптік "TSE" кодын өзгерту мәселесі пысықталуда.
4283