ruenkz

CR929 үлгісіндегі Ресей-Қытай ұшағы көкке алғаш рет 2023 жылы көтеріледі

Салынған уақыты 03.09.2019 12:05

МАКС-2019 халықаралық авиасалоны аясында CR929 үлгісіндегі алғашқы Ресей-Қытай ұшағының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды ТАСС. CR929 бағдарламасының Ресей тарапынан бас құрастырушысы  Максим Литвиновтың айтуынша, лайнердің сынақ ұшуы 2023 жылға, ал 2025 жылдан кейін коммерциялық авиакомпанияларға жеткізу жоспарланған.
Жаңа жоба ресейлік те шетелдік те авиакомпаниялар үшін ұсынылатын болады. Ресейде жобаға «Аэрофлот» пен Azur Air, ал шетелде — Қытай мен Сербия авиатасымалдаушылары қызығушылық танытқан.
Кең фюзеляжді CR929 ұшағын жасау бойынша бірлескен жоба жұмысы 2014 жылы басталған. Әзірлемемен Ресейдің Бірлескен авиақұрылыс корпорациясы мен Қытайдың Сomac компаниясы айналысуда. CR929 үлгісінің үш түрін: CR929-600 (280 жолаушыға арналған), CR929-700 (фюзеляжі ұзын) және CR929-500 (фюзеляжі қысқа) жасау жоспарланып отыр. Өндірушілер жаңа авиалайнер Boeing және Airbus ұшақтарына едәуір бәсеке тудырып, шетелдік пайдаланушылар арасында сұранысқа ие болады деп үміттеніп отыр. Ресей тарапынан жобаны қаржыландыруға шамамен 600 млрд рубль бөлінген.

 

1386