Shell және British Airways қоқыстан авиаотын өндіру ісін бастамақшы
Салынған уақыты 29.08.2019 11:41
British Airways, Shell энергетикалық компаниясы және Velocys стартапы Еуропадағы алғашқы қоқыс өңдеу зауытының құрылысы туралы хабарлады. Жаңартылатын энергетика саласындағы инновациялық әзірлемелермен айналысатын Velocys стартапының ресми сайтында хабарланғандай, жоба инвесторлары құрылысқа өтінім беріп, енді биліктің шешімін күтуде.
Зауытты Ұлыбританияда, Хамбер өзенінің сағасына салу жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, жаңа кәсіпорын тұрмыстық және коммерциялық қатты қалдықтарды (жылына 500 мың тоннаға жуық) өңдеп, экологиялық таза авиаотын өндіретін болады, бұл парник газдарын 70%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұшақтарда экологиялық отынды пайдалану қозғалтқыштардың пайдаланылған газдарындағы қатты бөлшектердің құрамын 90%-ға азайтады.
Құрылыс 2021 жылы басталады. Жобаға салынатын инвестиция 7 млн фунт стерлингтен асты. Еуропада бұған ұқсас кәсіпорын жоқ, сондықтан зауыт осындай авиаотын түрінің алғашқы өндірушісі болмақ.
1275