ruenkz

Қазақстанда Тель-Авивке дейін тікелей рейс ашылуы мүмкін

Салынған уақыты 01.08.2019 11:25

Израиль елшісі Тель-Авив – Нұр-Сұлтан рейсін ашуды ұсынды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
25 шілдеде Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Израиль мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Лиат Вексельман ханыммен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасын орнату мәселелері талқыланды.
Екі елдің авиациялық билігі арасындағы қолданыстағы келісімдерге сәйкес екі тараптың тағайындалған авиакомпаниялары Қазақстан мен Израиль арасында 7 тұрақты жолаушылар рейсін және 2 тұрақты жүк рейсін орындауға құқылы.
Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту және туристер легін арттыру мақсатында Лиат Вексельман ханым Тель-Авив пен Шанхай арасында тікелей жолаушылар рейстерін жүзеге асыратын Қытайдың «Hainan Airlines» авиакомпаниясына Нұр-Сұлтан немесе Алматы әуежайларында әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін ұсыну арқылы елдер арасында тікелей әуе қатынасын орнатуды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу екі достас мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ туризмін қарқынды дамытуға ықпал етеді.

1257