ruenkz

ИКАО апталығы аясында Маскат декларациясына қол қойылды

Салынған уақыты 18.12.2024 17:33

9-13 желтоқсан аралығында Оманның Маскат қаласында Авиациялық қауіпсіздік және Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өтті. Ол «Авиациялық қауіпсіздік» 17-қосымшасының 50 жылдығына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Чикаго конвенциясының 80 жылдығына орайластырылды.

ИКАО және Оман Сұлтандығының ұлттық органдарымен серіктестікте ұйымдастырылған конференцияға 78 елдің өкілдері, 800-ден астам сарапшы қатысты.  «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік сарапшылары бар қазақстандық делегацияны «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасары Дархан Еспотанов басқарды.

Форум аясында тәуекелдерді басқарудағы инновациялық тәсілдер және авиациялық қауіпсіздікке жаңа технологияларды енгізу талқыланған конференциялар мен семинарлар және азаматтық авиациядағы жаңа қауіптермен күресудегі мемлекеттердің ынтымақтастықтағы мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өтті.

Сондай-ақ, форум аясында ИКАО басшылығымен, Парсы шығанағы елдерінің аэронавигациялық қызметтерінің өкілдерімен өңірдегі ықтимал қауіптерді ескере отырып, авиациялық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша жұмыс кездесулері өткізілді.

Конференцияның қорытындысы ИКАО-ға қатысушы елдердің авиациялық қауіпсіздік және авиациялық киберқауіпсіздік жөніндегі Маскат декларациясына қол қоюы болды. Стратегиялық құжат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және авиациялық қауіпсіздік саласындағы үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталған.

145