Қазақстан мен Қытай арасындағы тиімді аэронавигациялық ынтымақтастық
Салынған уақыты 04.12.2024 17:29
Қытай Халық Республикасының Үрімші және Бейжің қалаларында China-Kazakhstan CNS/ATM Coordination Meeting 2024 жұмыс кеңестері өтті. Келіссөздер аясында Қазақстан мен Қытай аэронавигациясының өкілдері процестерді стандарттауға және әуе қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған Алматы мен Үрімші өңірлік диспетчерлік орталықтары арасындағы үйлестіру рәсімдері туралы келісімге және «Қазаэронавигация» РМК мен ATMB CAAC орталық аппараттары арасындағы бірінші кездесудің хаттамасына қол қойды. Соңғы құжатта әуе қозғалысын ұйымдастыру, әуе кеңістігін ұйымдастыру, ағындарды басқару, байланыс, навигация және бақылау жүйелерін дамыту, метеорологиялық қамтамасыз ету, сондай-ақ кадрларды кәсіби даярлау бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалған.
Кеңес барысында қазақстандық тарап Қытайдың әуе кеңістігімен қосылу үшін төрт жаңа бағыт пен дәліз әзірлеуді ұсынды. Қытайдан келген әріптестер осы ұсыныс бойынша қажетті зерттеулер жүргізіп, өз ұсыныстарын беретіндерін айтты.
Сондай-ақ, жұмыс кездесуі аясында «Қазаэронавигация» РМК делегациясы жаңа өңірлік диспетчерлік орталықта, әуе қозғалысына қызмет көрсету мұнарасында және мамандарды кәсіби даярлау орталығында болды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Қытай арасындағы тиімді аэронавигациялық ынтымақтастықтың дәлелі болып табылады және ұшу қауіпсіздігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және мамандар даярлауды жетілдіруге ықпал ететін болады, деп бөлісті Қазаэронавигация мамандары.
212