Қазақстан SOCEA қатарына қосылады
Салынған уақыты 22.10.2024 17:53
«Қазаэронавигация» РМК өкілдері Еуропа мен Азияның аэронавигациялық қызмет көрсетушілері (АНҚК) үшін аэронавигациялық қауіпсіздікті үйлестіру бойынша өңірлік платформаға (SOCEA) мүшелікке кіру туралы келісімге қол қойды.
16 қазанда Стамбулда ресми қол қою рәсімі өтті, оған ұйымның барлық мүшелері: Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Әзірбайжан қатысты. SOCEA халықаралық аэронавигациялық ынтымақтастық платформасы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өңірлік стратегиясын әзірлеу, АНҚК арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ӘҚҰ қауіпсіздігін бақылау жүйесін тиімді енгізуге жәрдемдесу, ұшу қауіпсіздігін басқаруда тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану, әуе көлігінің тұрақты дамуын қолдау үшін халықаралық стандарттарды енгізу, ӘҚҰ саласын цифрландыру және әуе кеңістігін неғұрлым тиімді пайдалану мақсатында құрылған.
SOCEA-ға мүшелік әуе қозғалысы көлемін ұлғайтуға, өңірдегі әуе қозғалысы қауіпсіздігін басқару жүйесін тиімді енгізуге, өңірлік деңгейде ұшу қауіпсіздігін басқару үшін тәуекелдерді бағалау тәсілдерін қолдануға, сондай-ақ саланы цифрландыру процесін жаңғырту мен стандарттауға жәрдемдесуге ықпал етеді деп күтілуде.
«Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары Жеңіс Ауғалиев «SOCEA мүшелігі өңірлік серіктестермен ынтымақтастық және әуе қозғалысын басқару саласында озық тәжірибе алмасу үшін стратегиялық мүмкіндік болып табылады. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, бүкіл өңірдегі әуе кеңістігінің қауіпсіздігі саласында жаңа жетістіктерге жету үшін бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін асыға күтеміз», деп атап өтті.
Аэронавигациялық қауіпсіздікті үйлестіру бойынша өңірлік платформа (SOCEA) 2023 жылғы 18 тамызда «Азербайджанские авиалинии» ЗАО (AZAL) мен Түркия мемлекеттік әуежайларының бас басқармасы (DHMI) арасындағы келісімнің нәтижесінде құрылды.
493