ruenkz

Қазақстанда орта класты көпмақсатты ұшақтар таныстырылды

Салынған уақыты 28.05.2019 09:50

Орал азаматтық авиация зауыты шығаратын көпмақсатты ұшақтардың негізгі техникалық сипаттамалары мен пайдалану параметрлері Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының, Азаматтық авиация комитетінің, Мемлекеттік орман күзеті қызметінің, санитарлық авиацияның, күш құрылымдарының өкілдеріне таныстырылды.

Кездесу барысында 19 орынға есептелген L-410 және 40 орынға арналған L-610 шағын және орта класты көпмақсатты ұшақтардың техникалық сипаттамалары ұсынылды. Әуе кемелерінің осы түрлері көліктің жүк, санитарлық және десанттық түрі ретінде қолданылады. Болашақта олар Ан-2 және Ан-26 ұшақтарын ауыстыра алады.

Кездесу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы кәсіпорындардың өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы саласындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өтті.

Азаматтық авиация зауыты делегациясының мүшелерімен ҚР Цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов те кездесті. Оның айтуынша, ведомство мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен тіршілік әрекетін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін қару-жарақ пен әскери техниканың, өнімдердің заманауи үлгілерін тұрақты негізде зерттейді. Сонымен қатар, шетелдік серіктестермен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындар базасында елімізде жүзеге асырылуы мүмкін перспективалық жобаларға да ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, авиатехниканың осы түрлеріне қазақстандық мемлекеттік органдар тарапынан қызығушылық болған жағдайда, осы ұшақтарды құрастырып шығаруды, не оларды жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды Қазақстан аумағында ретке келтіруге болады. Өйткені біздің елдің нарығы ресейліктер үшін перспективалы және тартымды болып табылады.

1244