Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны аптасына 124 рейске дейін ұлғайтылады
Салынған уақыты 25.06.2024 11:23
Сиань қаласында Қытай - Орталық Азия азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының бірінші конференциясы шеңберінде (С5+1) Қазақстан Республикасының авиациялық билігі мен Қытай Халық Республикасы арасында келіссөздер жүргізілді.
Қазақстандық делегацияны Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қытай делегациясын Қытай азаматтық авиация әкімшілігі халықаралық қатынастар департаменті бас директорының орынбасары Бай Венли бастады.
Қытай азаматтық авиациясының өкілдерімен жұмыс кездесуіне «Қазаэронавигация» РМК мамандары да қатысты.Келіссөздер барысында екі елдің бекітілген тасымалдаушыларының рұқсат етілген жиіліктер санын аптасына 124 рейске дейін ұлғайту және жиіліктер бойынша қандай да бір шектеусіз жүк рейстерін орындау мүмкіндігі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ, алғаш рет «ашық аспан» режимі белгіленді. Оның аясында екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына бесінші дәрежелі «ұшу еркіндігін» паудаланумен аптасына 42 рейске дейін орындау құқығы берілді.
Айта кету керек, Қытай бұл артықшылықты шектеулі елдерге берді.
Екіжақты ынтымақтастықты нығайту жұмысы әрі қарай да жалғасын таппақ. Қазіргі уақытта Қазаэронавигация мен Қытай Азаматтық авиация әкімшілігінің Әуе қозғалысын басқару бюросы арасында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының ұшу қауіпсіздігі және әуе қозғалысын ұйымдастыру саласында келіссөздер жүргізілуде.
853