ruenkz

Қазақстанда авиациялық оқу орталықтарының алдағы уақыттағы бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктері талқыланды

Салынған уақыты 24.06.2024 17:36

21 маусым күні «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығында «Біліктілікке негізделген даярлау әдіснамасы: талаптар, бүгінгі күн мен болашақ» семинар-практикумы өтті.

Авиациялық персоналды біліктілікке негізделген даярлау әдіснамасы бойынша талаптарды енгізу мәселелерін, сондай-ақ  АОО алдағы уақыттағы бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылау үшін авиациялық оқу орталықтарының басшылары, оқу бағдарламаларын әзірлеушілер, нұсқаушылар, авиакомпаниялар, сонымен қатар Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері де жиналды.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ лицензиялау департаментінің директоры А.К. Сұлтанов оқу курстарын әзірлеу және іске асыру барысында әртүрлі әдістемелік тәсілдер қолданылатындығын тілге тиек етіп, біліктілікке негізделген даярлау әдіснамасын талқылаудың және оны енгізу тәжірибесімен бөлісудің маңыздылығын атап өтті.

Семинар-практикум екі сессияға бөлінді. Біріншісінде «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығының мамандары біліктілікке негізделген даярлау әдіснамасына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді. Екінші сессияда әдіснаманы енгізуге кедергі келтіретін мәселелер талқыланды. Нәтижесінде, қатысушылар мынадай бағыттарды қамтитын стратегияны қалыптастырды: «АОО персоналын даярлау» және «Бағдарламаларды әзірлеу».  Бұл тәсілді  жұмыс тобы аясында іске асыру жоспарлануда.

Семинар-практикумға «Қазаэронавигация» РМК, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ, «Эйр Астана», «Qazaq Air» АҚ, «SCAT» АҚ, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, «Aviator.KZ» АОО, «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС, «Балапан» оқу орталығы, «Қазавиақұтқару» өкілдері қатысты.

Семинар соңында Талғат Мұқанов барлық қатысушыларға бірлескен жұмыс үшін алғыс айтып, семинар модераторы Яна Вишневскаямен бірге сертификаттар табыс етті.

738