Қазақстанда алғаш рет FLY HR FORUM-ы өтті
Салынған уақыты 20.05.2024 17:15
17 мамырда Азаматтық авиация академиясында FLY HR FORUM-ы өтіп, онда авиация персоналын басқару саласындағы жаңа үрдістер мен озық технологиялар талқыланды. Іс-шараға еліміздің жетекші әуе компаниялары, әуежайлар мен авиациялық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Олардың мақсаты сала бойынша жинақталған білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісу болды.
HR секторының қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, бұл форум – осы сектордың жаңа тәсілдері мен құралдарын енгізу идеяларымен бөлісетін айрықша алаң.
Форумды Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметов құттықтау сөзімен ашып, іс-шараның, авиацияда кадрлар даярлаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Панельдік сессияда Qazaq Air, Turkish Airlines, Air Astana компаниялары мен Алматы халықаралық әуежайының, оның ішінде Қазаэронавигацияның сарапшылары бас қосты. Бас директордың орынбасары Ардақ Өтепов өз сөзінде қатысушыларды негізгі мақсаты Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатын кәсіпорын қызметімен таныстырды.
«Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары Ардақ Өтепов өз сөзінде:
«Авиация персоналының кәсіби даярлығы ұшу қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететін негізгі фактор. Сондықтан Қазаэронавигация қызметкерлері жан-жақты іріктеуден өтіп, Қазақстанның және әлемнің жетекші авиациялық оқу орталықтарына оқуға жіберіледі. Саланың үздіксіз дамып келе жатқаны авиацияға қатысты мамандықтарға деген сұраныстың арта түсетінін білдіреді», - деді.
Бұған дейін Қазаэронавигация мен Азаматтық авиация академиясы арасында авиадиспетчерлер мен ATSEP мамандарын даярлау мақсатында ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылған болатын. Осы келісімдер аясында Академияның жүзден астам студенті өндірістік практикадан өтті. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар жалғасын тауып, жандана түспек.
Академия ғимаратында аталмыш форуммен қатар бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыс берушілер өздерінің болашақ қызметкерлерін компаниясының қызметімен таныстырып қана қоймай, олардың ішінен үздіктерін іріктеп алу мүмкіндігіне ие болды.
875