Азаматтық авиация саласының мамандарын кәсіби дайындау орталығы
Салынған уақыты 02.05.2024 17:08
Бүгін әңгіме Қазақстанның оңтүстік астанасында орналасқан бірегей оқу орталығы, Қазақстанның аэронавигациялық қызметтер провайдері – «Қазаэронавигация» РМК-ның құрылымдық бөлімшесі Кәсіби дайындау орталығы (КДО) туралы болмақ. Орталық әуе қозғалысына қызмет көрсететін және борттардың ұшуын қамтамасыз ететін авиадиспетчерлерді, ұшуды радиотехникалық және авиациялық электр байланысымен қамтамасыз ететін мамандарды, метеорологтарды және азаматтық авиация саласының өзге де мамандарын оқытады.
Оқу орталығы алғаш рет 2004 жылы өз есігін ашып, аэронавигациялық мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырумен және өткізумен ғана айналысты. Бүгінде Орталық авиация персоналын, сондай-ақ авиация саласының өзге де мамандарын бастапқы даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіби деңгейін қолдауды жүзеге асырады.
Кәсіби дайындау орталығының мамандары 56 бағдарлама бойынша оқыту өткізеді. КДО 2016 жылдан бастап ИКАО TRAINAIR PLUS бағдарламасының толық құқықты қатысушысы мәртебесіне ие республикадағы жалғыз авиациялық оқу орталығы.
ИКАО TRAINAIR PLUS бағдарламасы – халықаралық қауымдастық қатысушыларымен бірлесе отырып, авиациялық персоналға арналған оқу курстарын әзірлейтін қауымдастық. Бағдарлама орталықтарға авиациялық оқу материалдары мен бағдарламаларының ғаламдық желісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кәсіби дайындау орталығының жұмыскерлері бағдарламаға қатысқалы бері 8 оқу-әдістемелік кешен әзірледі. Олардың барлығы ИКАО-да мақұлданып, сертификатталды және бүгінгі күнге дейін оқытуда тиімді пайдаланылып келеді.
Сондай-ақ, КДО жұмыскерлері авиадиспетчерлер мен әуе кемелерінің ұшқыштары үшін ағылшын тілін білу деңгейін анықтау және оны қолдау бойынша тесттер өткізеді. Емтихан стандартты емес, мұнда ИКАО шкаласы бойынша 4-деңгейдегі авиациялық ағылшын тілін білу керек. 2008-2023 жылдар аралығында барлығы 5000-нан астам тест өткізілді.
КДО-ның емтихан алушыларының өздері ИКАО шкаласы бойынша ағылшын тілінің 6-деңгейін білетінін айта кеткен жөн. Олар жыл сайын Ұлыбританияда арнайы курстардан өтіп, кәсіби дағдыларын жетілдіріп отырады.
КДО-да оқитын мамандар саны күн артып, өсіп келеді. Мәселен, 2016 жылы кәсіби даярлық курстарынан 778 адам өтсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2136 адамға артқан.
921