ruenkz

ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының авиациялық билік басшыларының кезекті кеңесі өтті

Салынған уақыты 24.04.2024 10:44

Тулуза қаласында (Франция) ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EURNAT-DGCA) азаматтық авиация бас директорларының кеңесі өтті. Қазақстан тарапынан ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду және Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметов қатысты.

Кеңесте өңірдегі азаматтық авиацияны дамытудың өзекті мәселелері, оның ішінде кадрларды даярлау, тұрақты даму, үйлестіру мен ынтымақтастықты нығайту, гендерлік теңдік, халықаралық шарттарды ратификациялау және т.б. мәселелер талқыланды.

Отырыс барысында қазақстандық делегация өңірлік азаматтық авиация ұйымын – Еуразиялық азаматтық авиация конференциясын (EACAC) құру бастамасын ұсынды. Мүшелікке Орталық Азия, Кавказ және шекаралас аймақтарды қоса алғанда, Еуразия аймағында орналасқан мемлекеттер қатыса алады.

EАСАС қатысушы мемлекеттердің авиациялық биліктеріне ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, формальдылықты оңайлату және рәсімдерден өту, тұрақты даму, ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу, авиациялық қызметкерлерді даярлау тұрғысынан тәжірибе, білім және озық тәжірибемен алмасуда тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді, сондай-ақ болашақтағы жағдайларға дайындық кезінде проблемалық мәселелер бойынша талқылау және шешімдер әзірлеу үшін платформа құрады.

Сондай – ақ, кеңес барысында Қазақстан мен Францияның авиациялық билік басшыларының қатысуымен екі елдің жоғары оқу орындары - Азаматтық авиация академиясы мен Ұлттық азаматтық авиация мектебі (ENAC) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға екі жоғары оқу орнының ректорлары қол қойды, ол кадрлар даярлау, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми жобалар саласындағы одан әрі пәндік уағдаластықтарды іске асыру үшін негіз болады.

ENAC-пен ынтымақтастық Азаматтық авиация академиясына оқу деңгейін арттыруға, әдістерді жетілдіруге және білім беру ортасында заманауи тәжірибелерді қолдануға мүмкіндік береді.

1345