ruenkz

Ұшудың медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Авиациялық медициналық орталық

Салынған уақыты 19.04.2024 16:36

Бүгін әңгіме «Қазаэронавигация» РМК құрамына кіретін Авиациялық медициналық орталық туралы болмақ. Бұл орталық ұшу қауіпсіздігін медициналық тұрғыдан қамтамасыз етеді.  

Авиациялық медициналық орталық «Қазаэронавигация» РМК құрамына 2013 жылдың қыркүйегінде кірді. Бір жыл өткен соң медициналық орталық ғимараты авиациялық персоналға жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жаңартылған шетелдік жабдықтармен жарақтандырылды. Қазіргі таңда авиациялық медициналық орталық ИКАО-ның барлық халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.  

2016 жылы Медициналық орталық Еуропалық авиациялық медицина қауымдастығының мүшесі атанды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының бұл саладағы жалғыз өкілі. Қауымдастыққа мүшеліктің арқасында Авиациялық медициналық орталық қызметкерлері халықаралық ұйымдармен бірлесіп, авиациялық медицина саласында зерттеулер жүргізу мүмкіндігіне ие болды.

Авиациялық медициналық орталықта 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың қатарында тар шеңберлі саладағы білікті дәрігерлер, орта медициналық персонал, сондай-ақ авиациялық медициналық сарапшылар бар. Олар ұшқыштарға, авиадиспетчерлерге, бортинженерлерге, бортмеханиктерге, штурмандарға, жеке ұшқыштарға, бортрадистерге, бортоператорларға және бортсеріктерге, сондай-ақ осы мамандықтар бойынша оқуға түсіп, өз өмірін авиациямен байланыстырғысы келетін азаматтарға денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын растайтын сертификаттар береді.

Авиациялық медициналық орталық қызметкерлері медициналық сертификаттар бере отырып, жыл сайын 3000-нан астам медициналық куәландыру жүргізеді. Өткен жылы 3061 адам кәсіби қызметке және оқуға рұқсат алды, оның 300-і талапкер.

608