Астанада Еуропа мен Азияны ұштастырған бесінші Орталық Азия авиациялық саммиті өтті
Салынған уақыты 11.04.2024 17:35
Ағымдағы жылдың 11 сәуірінде елордамызда Central Asia Aviation Summit (CAAS) бесінші мерейтойлық Орталық Азия авиациялық саммиті өтті. Аталмыш іс-шара аясында әуежайларда озық технологияларды енгізу, сондай-ақ авиация саласындағы мамандардың дағдылары мен кәсіби біліктіліктерін дамыту тақырыбындағы мәселелер көтерілді.
Сондай-ақ, биылғы саммитте тұрақты даму мен шығарындылар деңгейін нөлге келтіру жолдары талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік және жеке сектордан 20-дан астам авиациялық сарапшы, сондай-ақ «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду, Өзбекстан Көлік министрінің орынбасары Жасурбек Чориев, Малазияның Air Asia Aviation Group авиакомпаниясының коммерциялық директоры Карен Чан, «Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары Ардақ Өтепов және басқа да мамандар қатысты.
«Қазаэронавигация» РМК өкілі Ардақ Өтепов, өз сөзінде Қазақстанның екі құрлық арасындағы іскерлік қарым-қатынас белсенділігін арттырудағы маңызды рөлін, бүгінгі таңда Қазақстанның аэронавигациялық жүйесінің ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі – 95% құрайтынын, сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараның тиімді шешімдер қабылдаудың, өзекті мәселелерді талқылаудың, елдер арасында тәжірибе алмасудың тиімді құралы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
«Қазаэронавигация» РМК мамандары 2023 жылы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде 415.497 рейске қызмет көрсеткенін және бұл 2022 жылға қарағанда 5.015 рейске артық екенін атап өткен жөн.
Орталық Азия авиациялық саммитіне қатысушыларға Қазақстанның авиация нарығын дамытудың халықаралық тұжырымдамасы ұсынылды, панельдік пікірталастар, сондай-ақ TravelTech жобаларын ұсыну сессиясы өтті, оның шеңберінде авиация саласында жұмыс істейтін мамандар өздерінің стартап жобаларын таныстырды.
898