ruenkz

Атырауда Көрісу күні РТЖБП қызметінің инженерін 60 жасымен құттықтады

Салынған уақыты 15.03.2024 17:45

14 наурыз күні Атырау филиалының қызметкерлері үшін үлкен қуаныш, әрі өте терең мағыналы мейрам болып саналады. Бұл күні қызметкерлер жұмысқа дәстүрлі ұлттық киіммен келді, таңертең ертемен бір-бірімен көрісіп, жылы тілектерін айтты: «Жасыңыз қайырлы болсын!», «Жастан жасқа аман-есен шыға берейік!», «Бір жасыңызбен!». Дәстүр бойынша, бұл күні әулеттің жасы үлкендері мен туыстарының үйлеріне барып көрісіп, құрмет пен сый көрсетіледі.
Көрісу амалының басты шарты – үлкендерге құрмет, кішілерге қамқорлық, әлсіздер мен міскіндерді қолдау болып саналады. Бұл күні жасы кішілері үлкендерге сәлем беріп, бір-бірінің қолдарын қысып, құшақтасады. Ақсақалдар жастарға бата береді. Бұл күні бұрынғы өкпе-реніштер кешіріледі, жауласу ұмытылады. Көрісу амалы – бұл бауырластық, қарапайымдылық пен мейірімділіктің күні.
Ежелгі мейрам қазіргі кезде кеңінен танымал бола бастады. Бұрын тек батыс өңірінің халқы тойлайтын болса, енді елдің барлық өңірлерінің халқы да қызығушылық танытып, тойлай бастады.
Осы күні мерекелік жағдайда азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам жұмыс істеген РТЖБП қызметі ҰРТҚ кешенінің 2-санатты инженері Ғаллам Уапұлы Әміровті 60 жас мерейтойымен құттықтадық. Ғаллам Уапұлы Әміров жұмыс жасаған жылдары өзін сауатты және еңбекқор маман ретінде көрсетті, филиалдың қоғамдық және спорттық өміріне белсенді қатысып келеді. Кәсіпорын филиалдары мен әуеторап арасындағы футбол және шығармашылық конкурстар секілді іс-шараларға қатысты. Ол жас мамандарға тамаша жетекші, оларға тәжірибе жүзінде кәсіптің қыр-сырын меңгерулеріне және ұжымның бір бөлшегіне айналуларына көмектесіп келеді. Атырау филиалының әріптестері оған мықты денсаулық, аман-есендік және ұзақ өмір тіледі.  

 

924