ruenkz

2025 жылы қазақстандық авиакомпаниялар паркі 25 жолаушылар ұшағымен толықтырылады

Салынған уақыты 27.02.2024 14:32

ҚР Көлік министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында ведомство басшысы Марат Қарабаев 2025 жылға жоспарланған отандық авиацияны дамытудың негізгі міндеттерін атап өтті.
Министрдің айтуынша, ведомство әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Биыл Шымкент, Қызылорда және Алматы әуежайларының жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті 5 есеге (14 млн жолаушыға дейін), Қызылорда — 6 есеге (2 млн-ға дейін) және Шымкент-7 есеге (6 млн-ға дейін) ұлғаяды.
БАӘ инвесторы жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі болып табылатын өз қаражаты есебінен астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуге кіріседі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Павлодар қаласы әуежайының ҰҚЖ және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен такси жолағын қайта жаңарту жұмыстары басталады.
Еліміздің әуежайларында мультимодальды орталықтар құру үшін жеке инвесторларды тарту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.
2025 жылдың соңына дейін әуе кемелерінің паркін 25 бірлікке ұлғайту жоспарлануда.
Авиаотын тапшылығы мәселесін шешу үшін импортталатын авиаотынның, оның ішінде JET A-1 маркасының саны ұлғайтылатын болады. Осы мақсатта Алматы әуежайының жанармай құю кешені жаңғыртудан кейін — 2024 жылғы маусымнан бастап-авиаотынның осы түрін пайдалануға көшеді.
Қалған әуежайлар өздерінің мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, осы жанармай маркасын дәйекті түрде пайдалануға көшеді.
Авиаотынның түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды болдырмау үшін министрлік МӨЗ-ден тікелей сатып алу мәселесін пысықтауда.
«Жалпы, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен сала алдында тұрған міндеттер уақтылы орындалатын болады, оның ішінде авиаотынмен қамтамасыз ету, мультимодальды хабтар құру, авиатасымалдардың қолжетімділігін арттыру және әуе кемелері паркін толықтыру жөніндегі шаралар. Нәтижесінде алдағы 6 жылда тасымалданған жолаушылар санын 2 есеге және өңделген жүк көлемін 7 есеге арттырамыз», - деді ҚР МТ басшысы.

 

1371