ruenkz

Жаңа қазақстандық FlyArystan дискаунтері алғашқы бағыттарды таңдады

Салынған уақыты 04.04.2019 08:36

FlyArystan қосымша қызметтер мен орынды, багажды, борттық тамақтануды таңдау сияқты сервис түрлерін жолаушы өз қалауы бойынша сатып алатын әлемдік бюджеттік авиакомпаниялар қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.

Алғашқы қазақстандық FlyArystan лоукостері 29 наурыздан бастап өз рейстеріне билет сатуды басады. Тасымалдаушының ресми сайтында әзірге тек екі бағытты таңдауға болады: республиканың оңтүстік астанасы — Алматы қаласынан Тараз және Орал қалаларына.

FlyArystan алғашқы рейсін 1 мамырда оңтүстіктегі Тараз қаласына орындауды жоспарлап отыр. Ұзақтығы 60 мин болатын ұшу билетінің құны бір жаққа 4999 теңгеден басталады. Басқа авиатасымалдаушылар осы бағыт бойынша тікелей рейстерді орындамауы мүмкін.

2 мамыр күні лоукостер Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Орал қаласына ұшуды бастайды. Ұшу билетінің құны бір жаққа 12999 теңгеден басталады. Салыстыру үшін: қазақстандық ұлттық тасымалдаушы Air Astana брондау жүйесіне сәйкес осындай бағыт бойынша «ішінара қолайлы» санатындағы тікелей рейске билет елдің резиденттері үшін бір жаққа 43806 теңге тұрады, яғни үш есе қымбат.

Естеріңізге сала кетейік, FlyArystan Air Astana авиакомпаниясының бөлімшесі болып табылады. Лоукостер 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша халық үшін авиатасымалдау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында құрылды.

Бастапқыда FlyArystan бас авиакомпанияның пайдаланушы сертификатын пайдаланатын болады, бірақ болашақта өз сертификатын алуы мүмкін. Оператор көбінесе ішкі рейстерді орындайтын болады, алайда кейінірек жақын шетел бағыттары бойынша маршруттық желіні кеңейту күтілуде.

Лоукостер флоты Air Astana паркінен берілетін төрт Airbus 320 ұшағынан (экономкластағы 180 орындық) тұрады. 2022 жылы авиакомпания паркін Қазақстанның әртүрлі қалаларында орналасатын 15 әуе кемесіне дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

1215