Қазақстан мен Испания тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлауда
Салынған уақыты 02.04.2019 09:41
Мадридте Қазақстан мен Испания авиациялық биліктерінің елдер арасындағы әуе қатынасы мәселелері бойынша келіссөздері өтті. Бұл туралы ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің Telegram-арнасына сілтеме жасай отырып, «ҚазАқпарат» ХАА хабарлайды.
Азаматтық авиация комитеті Елбасының тапсырмасын орындау үшін Қазақстанның және Нұр-Сұлтан қаласының көлік қолжетімділігін кеңейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Қазақстан мен Испания арасындағы тікелей тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база жасайтын тиісті үкіметаралық құжатқа қол қойды. Сонымен, екі тараптың тағайындалған авиакомпаниялары кез келген әуе кемесі түрімен аптасына 7 рет тұрақты жолаушылар және аралас рейстерді, сондай-ақ әуе кемесінің кез келген түрімен аптасына 7 рет тұрақты таза жүк рейсін орындау құқығына ие болды.
Сонымен қатар, тағайындалған авиакомпанияларға өзара және үшінші елдердің авиакомпаниялары арасындағы келісімнің код-шеріне кіру құқығы берілді.
Бұл құжаттың басқалардан ерекшелігі осындай құжаттарға рұқсат етілген пункт ретінде алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласының енгізілуі болып отыр.
Қазақстандық және испандық авиакомпаниялардың жоспарында Қазақстан мен Испания арасындағы рейстердің ашылуы көзделген.
1299