ruenkz

Қазақстанда жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау көлемі 23%-ға артты

Салынған уақыты 19.12.2023 09:18

Биыл 11 айда қазақстандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артық. Бұл ретте әуежайлар 24 млн саяхатшыға (+25%), оның ішінде Алматы және Астана әуежайларына сәйкесінше 9 млн (+34%) және 7 млн жолаушыға (+26%) қызмет көрсетті. Сондай-ақ әуежайларда өңделген жүк көлемі 130 мың тоннаға дейін (+16%) ұлғайған.

Әуе тасымалдарына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Осылайша келесі жылы Шымкент, Қызылорда және Алматыда жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде олардың өткізу қабілеті 5-7 есе артады деп күтілуде. 2024 жылы Астана мен Павлодарда ұшу-қону жолағын, Балқашта перрон мен такси жолағын қайта жаңарту жұмыстары басталады.

Шағын авиацияны дамыту мақсатында бюджет қаражаты есебінен Балқаш, Үржар және Үшарал әуежайларында ұшу-қону жолағы жаңғыртылды, онда да жаңа аэровокзал салынды. Алдағы 2-3 жылда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңарту көзделіп отыр, сонымен бірге Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай жаңа әуежайларын салу мәселесі қаралуда.

Әуежайларда мультимодальды орталықтар құру жөніндегі жоспарларға сәйкес қажетті құзыреттері мен капиталы бар жеке инвесторлар қажет.

 Аталған міндет шеңберінде ұшу-қону жолағы, жанармай құю кешендерін қайта жаңарту, жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту кезең-кезеңмен жүргізілуде. Қазірдің өзінде үш мегаполис пен Қарағанды бойынша жоспарлар бар, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын ірі жаһандық инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

767