«Қазаэронавигация» РМК TRAINAIR PLUS ICAO бағдарламасының толық құқықты қатысушысы мәртебесін растады
Салынған уақыты 24.12.2018 08:59
«Қазаэронавигация» РМК TRAINAIR PLUS ICAO бағдарламасының
толық құқықты қатысушысы мәртебесін растады
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Катар аэронавигациялық колледжімен бірлесіп, 2018 жылғы 10-14 желтоқсан аралығында Доха қаласында (Катар) «Building Aviation Training Intelligence/Авиациялық даярлау жөнінде білім қалыптастыру» тақырыбында Авиациялық персонал даярлаудың бесінші жаһандық симпозиумын ұйымдастырды.
Симпозиумның негізгі тақырыптары оқытудағы өзгерістерді, оның техникалық мүмкіндіктері мен жаңа әдістерін, авиациялық персонал даярлаудың, оның ішінде деректерді зияткерлік өңдеу саласында даярлаудың және оларды басқарудың тиімділігін бағалауды талқылау болды.
ИКАО Бас хатшысы д-р Фан Лю ханым өзінің құттықтау сөзінде жаһандық авиациялық желі әлеуетін арттыру және оны іске асыру үшін авиациялық секторда жоғары білікті мамандар санының жеткілікті болу қажеттігін қатысушылардың назарына салды.
TRAINAIR PLUS ICAO симпозиумдары оқу орталықтарының басшылары мен менеджерлері үшін авиация мамандарын даярлау саласындағы тәжірибесімен, білімі және идеяларымен бөлісетін зияткерлік алаң болып табылады.
Осы симпозиумға әлемнің 65 елінің авиациялық оқу орталықтарының басшылары мен өкілдері қатысты.
«Қазаэронавигация» РМК атынан аппарат басшысы Қарлығаш Кәкен симпозиумның авиациялық оқу орталықтарының азаматтық авиацияны дамыту жоспарларына сәйкестігі тақырыбына арналған жұмыс сессияларының біріне Еуропалық континенттің модераторы ретінде қатысты.
Арнайы марапаттау салтанатында оқу ұйымдарының, оның ішінде «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығының жетістіктері ерекше аталды.
ИКАО-ның Жаһандық авиациялық даярлау офисінің басшысы Мешеша Белайне мырза «Қазаэронавигация» РМК аппарат басшысы Қарлығаш Ғазизқызы Кәкенге TRAINAIR PLUS ICAO бағдарламасының толық құқықты қатысушысы сертификатын табыс етті. Бұл сертификат «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығының осы халықаралық бағдарламаның толық құқықты қатысушысы мәртебесінің дәлелі.
TRAINAIR PLUS ICAO бағдарламасының толық құқықты қатысушысы мәртебесі «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығына даярлаудың жоғары стандарттарын қолдауға, осы салада халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және авиациялық персоналды даярлау жөніндегі жетекші өңірлік орталық ретінде өзін көрсетуге мүмкіндік береді.
1848