Атырау әуежайында жаңа «Мұнара» командалық-диспетчерлік орталығы ашылды
Салынған уақыты 21.06.2018 14:19
Атырау әуежайында жаңа «Мұнара» командалық-диспетчерлік орталығы ашылды
Бүгін «Қазаэронавигация» РМК Атырау халықаралық әуежайында заманға сай «Мұнара» диспетчерлік орталығын пайдалануға берді.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев өз сөзінде: «Біз халықаралық стандарттарға және жұмысты ұйымдастыру мен ғимаратты пайдаланудың заманға сай әдістеріне сәйкес келетін әуе қозғалысын басқару орталығын ашып отырмыз. Ұшу қауіпсіздігін арттыру елімізді халықаралық авиатасымалдау нарығында айтарлықтай болашағы бар қызмет көрсетушіге айналдыратындықтан, бұл «Қазаэронавигация» РМК үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін маңызды қадам. Жаңа объект авиатасымалдау көлемін әрі қарай дамытуға және арттыруға, сондай-ақ батыс өңіріндегі транзиттік әлеуетті іске асыруға серпін береді», - деп атап өтті.
Жаңа мұнараның биіктігі 38 метрді құрайды, осының нәтижесінде Атырау әуеайлағында айналаны шолу сапасы жақсарады, ал бұл диспетчердің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмысы үшін өте маңызды. Сондай-ақ «Мұнара» диспетчерлік пункті филиалдың жауапкершілік аймағындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең жаңа радиотехникалық құралдармен жабдықталған.
«Қазаэронавигация» РМК бас директоры Азат Бектұров өз сөзінде іске асырылған жоба туралы былай деді: «Атыраудағы «Мұнара» әуе қозғалысын басқару орталығының жұмысын жақсарту – бұл біздің ортақ жетістігіміз, жоғары сапаға деген ұмтылысымыз. Біз аэронавигациялық қызмет көрсету деңгейін барлық филиалда жақсартуға тиіспіз. Әуе қозғалысын жаңа диспетчерлік мұнарадан басқару болашақта Атырау филиалының жауапкершілік аймағындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді».
Жаңа ғимараттағы жұмыс орындарында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін барлық жүйелер, атап айтқанда, дербес жылыту жүйесі, орталықтандырылған ауаны баптау жүйесі, тынығу бөлмесі, психологиялық жеңілдену бөлмесі, спорттық жаттығу құрылғылары қарастырылған.
Азат Ғаббасұлы командалық-диспетчерлік мұнараларды реконструкциялау жұмыстары Петропавл, Қостанай, Өскемен және басқа да қалаларда жүргізілетінін айтты.
2248