«Қазаэронавигация» РМК делегациясы ИКАО-ның «Инновациялық және тұрақты жаһандық авиациялық қоғамдастық үшін бірге» тақырыбына арналған Жаһандық симпозиумына қатысты
Салынған уақыты 07.06.2023 12:00
2023 жылғы 30 мамыр мен 01 маусым аралығында басқарушы директор-аппарат басшысы К.Какен бастаған «Қазаэронавигация» РМК өкілдері Корея Республикасының Сеул қаласындағы «Инновациялық және тұрақты жаһандық авиациялық қоғамдастық үшін бірге» тақырыбына арналған ИКАО-ның Жаһандық симпозиумына қатысты.
Іс-шара Ұйымның соңғы цифрлық құралдарымен, авиациялық тұрақтылықты, инновациялар мен операциялық шешімдерді қолдау жөніндегі негізгі бастамаларымен және бірлескен іс-қимылмен таныстыру мақсатында ИКАО Дүниежүзілік авиациялық форумын (IWAF), Авиациялық ынтымақтастық жөніндегі жаһандық симпозиумды (GACS) және Авиациялық дайындық жөніндегі жаһандық симпозиумды және TRAINAIR PLUS бір жерге біріктірді.
Симпозиумның бірінші күні «Қазаэронавигация» РМК өкілдері 2020 жылдан бері «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығы мүшесі болып табылатын TRAINAIR PLUS Басқарушы комитетінің отырысына қатысты. ICAO TRAINING/GAT оқыту жөніндегі орталық кеңсесінің және TRAINAIR PLUS Басқарушы комитетінің (TPSC) мүшелері 13-отырыста бас қосып, TRAINAIR PLUS бағдарламасын жаһандық және өңірлік деңгейде ілгерілету бойынша өткізілген іс-шаралардың нәтижелерін талқылады, сондай-ақ ИКАО-ның ең жаңа ребрендинг бастамасымен танысты.
Симпозиумда ұшу қауіпсіздігінің, авиациялық қауіпсіздіктің және авиация саласының тұрақтылығының ең өзекті мәселелері, атап айтқанда, Жаһандық азаматтық авиация үшін ынтымақтастық және енгізуді қолдау бағдарламалары; 2050 жылға қарай көміртегі шығарындыларының нөлдік көрсеткішіне қол жеткізу үшін тұрақты авиациялық отын өндірісін (SAF) кеңейту және қаржыландыру мәселелері қарастырылды.
Жекелеген сессиялар авиациялық персоналды оқыту мәселелеріне арналды. Азаматтық авиацияда цифрлық форматта оқытудың болашақ перспективалары талқыланды. Оқытудың негізгі тенденцияларының бірі - виртуалды шындық (VR) және кеңейтілген шындық (AR) технологияларын пайдалану болып табылады. Тағы бір маңызды үрдіс – жеке қажеттіліктер мен оқу стильдеріне бейімделетін жасанды интеллектіні (AI) пайдалану. Спикерлер авиация саласындағы білікті мамандардың, соның ішінде ұшқыштардың, механиктердің, инженерлердің және техниктердің тапшылығы мәселесін талқылады. Бұл тапшылық алдағы жылдарда да болады деп күтілуде әрі бұл саланың өсуі мен тұрақтылығына айтарлықтай қиындық туғызары анық. Сессияға қатысушылар академиялық топтардың саланы қалыптастырудағы рөлін қарастырды. Білім беру мекемелері мен салалық ұйымдардың ынтымақтастығы бұл мәселені шешіп, авиация персоналы ретінде оқуға дайын білікті мамандар ағынын жасай алады.
Симпозиум аясында "Қазаэронавигация" РМК өкілдері ICAO TRAINAIR PLUS кеңсесінің басшылығымен, Халықаралық әуежайлар кеңесімен, Инчхон әуежайының Авиациялық академиясымен, Жаһандық аэронавигациялық қызмет (GANS) компаниясымен, сондай-ақ Моңғолия мен Өзбекстанның авиациялық билік орындарымен және басқа да қатысушылармен, TRAINAIR PLUS бағдарламасының серіктестерімен авиациялық персоналды даярлау саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
ИКАО Жаһандық симпозиумы қазіргі және әлеуетті техникалық ынтымақтастық серіктестерін, TRAINAIR PLUS (TPP) бағдарламасына қатысушыларды және саланың басқа да мүдделі тараптарын, соның ішінде: министрліктерді, авиациялық әкімшіліктерді, халықаралық және аймақтық ұйымдарды, авиациялық қызметтерді көрсетушілерді, әуежай операторларын, авиакомпанияларды, қаржы және академиялық мекемелерді біріктіретін платформа бола алды.
.
.
1484