Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе рейстері үш есеге артады
Салынған уақыты 30.09.2022 12:46
Канаданың Монреаль қаласында өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Ассамблеясының 41-ші сессиясы аясында Қазақстан мен Сауд Арабиясының азаматтық авиация саласындағы билік өкілдері өзара келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен Корольдіктің Азаматтық авиация Бас басқармасының президенті Абдулазиз бен Абдуллах әл-Дуайлеж мемлекеттер арасындағы ынтымақтасты дамытудың басты мәселелерін назарға алды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Қажылық және ұмра министрі Тауфик бен Фаузан бин Мұхаммед Әл Рабианың кездесуі нәтижесінде берілген тапсырмаларды орындау шеңберіндегі кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тікелей әуе қатынасын орнатудың тетіктерін талқылады.
Басқосуда елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тікелей әуе қатынасының маңыздылығына да назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша арнайы құжатқа қол қойылды. Оған сәйкес, екі мемлекет арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерінің саны аптасына 4-тен 14 рейске дейін, яғни 3 есеге дейін ұлғаймақ.
Қазақстан тарапы 2022-2023 жылдардағы күзгі және қысқы навигациялық маусымда бірқатар отандық әуе компаниялары тұрақты жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Air Astana» Алматы – Медина бағытында, «Fly Arystan» Ақтау – Медина бағыттарында аптасына жиілігі 2 реттен тұрақты рейстер орындамақ. Сондай-ақ отандық SCAT компаниясы да аптасында 2 рет Алматы –Джидда бағытында әуе тасымалын ұйымдастыруды жоспарлауда.
Ал саударабиялық Fly Nas әуе тасымалдаушысы Джидда – Алматы бағытында тұрақты рейс ашуды жоспарлап отыр.
Кездесу соңында делегация өкілдері тікелей әуе қатынастарының ашылуы мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтіп, бұл тараптағы жұмыстарды одан әрмен жалғастыруға уағдаласты.
1735